Күре жолдар – экономиканың күретамыры

1739

Бірнеше жылға созылып, былтыр пайдалануға берілген Алматы – Талдықорған автотрассасы бүгінде жетісулықтардың мақтанышына айналды. Қапшағайға дейін алты жолақты болып келіп, одан соң Талдықорғанға дейін төрт жолақпен жалғасатын тақтайдай тегіс жолдың арқасында бүгінде Талдықорған мен Алматының арасы барынша жақындай түсті. Ендігі кезегін күтіп тұрған жобалардың қатарында осы автотрассаның Талдықорған – Өскемен аралығы  және Үшарал – Достық автожолы бар. Осыдан бірер ай бұрын Талдықорғанға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының жұртшылықпен жүздесуі барысында сөз алған Инвестициялар және даму  министрі биыл шілдеден қалмай аталған екі жолды қайта құрылымдауға кірісеміз деп еді. Сол сөз бүгінде жүзеге аса бастады.

Еліміздің және өңіріміздің эконо­микасы, жалпы, тірлігі үшін аса ма­ңыз­ды жолдар құрылысы «Нұр Отан» пар­тиясының қатаң бақылауында. «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы жанынан құрылған көліктік логистика және инфрақұ­ры­лым­ды дамыту жөніндегі тұрақты комис­сия «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта төселіп жатқан Алматы – Өс­ке­мен тасжолының (235-259 шақырым) құрылыс жұмысына пар­тиялық бақылау рейдін ұйым­дастырды. Аса маңызды жобаның жүзеге асы­рылуы барысын өз көз­дерімен көріп, бағалаған рейдке ко­миссия төрағасы Руслан Валишанов, «Қазавтожол» АО басшысының орын­басары Нұрхат Ақылтаев, «Талдықор­ған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысының орынбасары Қуат Ханиет, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров, Ескелді аудандық және Талдықорған қалалық комиссия мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

– Бүгін біздің комиссия назарында үш бірдей мәселе болды. Бірінші ке­зекте, жол жұмыстарының сапасы жан-жақты сарапталды. Екіншіден, жер­гілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылды. Мердігер компания құрылыста 20-дан астам бос жұмыс орны жайлы мәлімет берген еді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін осындай бос орындары бар нысандармен бір арнаға тоғыстырып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы екі бірдей мәселені шешу жайлы нұсқау жасалды. Сонымен бірге, жаңадан салынатын жолдардың қауіпсіздігіне де көңіл бөлдік. Рейд кезінде бірқатар кемшін тұстар атап көрсетіліп, оларды тез арада реттеу ту­ралы тапсырма бе­рілді. Ел экономика­сының күретамыры болып саналатын күре жолдардың қайтадан төселуі біздер үшін үлкен қуаныш. Өздеріңіз көріп жүргендей, осыдан бірер жыл бұрын Алматыдан Талдықорғанға жетуге жарты күн ке­тетін. Қазір айналдырған екі жа­рым сағатта жолды еңсеріп тастайтын дәре­жеге жеттік. Мұның барлығы Елба­сының бастамасымен қолға алынып отырған «Нұрлы Жол» бағдарлама­сы­ның арқасы. Сондықтан осы жоба бойынша атқарылар жұмысты әрдайым бақылауда ұстаймыз, – деді облыстық партия филиалы төрағасының орын­басары Серік Нұрқадыров.

Көліктік логистика және инфра­құры­лымды дамыту мәселелері жөнін­дегі ко­миссияның төрағасы Руслан Валишанов­тың Алматы – Өскемен автожолының облыс орталығына таяу тұстағы бітпей жатқан бөлігіне қатысты сұрағына жауап қайтарған «Қазавтожол» АО басшы­сының орынбасары Нұрхат Ақылтаев: «Құрылыс қарқын алды. Қазіргі кезде Бақтыбай ауылының ішімен өтетін жолды төсеудеміз. Осын­да жер су өткі­зетін құбырлар, көпір салу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс жоспарға сай, қыркүйек айында барлық жол төсемелері аяқталып, жол қозға­лысы ашылады. Жұмысты уақытылы бастауға біраз ке­дергілер болғаны рас. Ауыл тұр­ғын­дарымен екі арадағы тү­сінбестіктер түйіні тарқатылды», – деп жауап қай­тарды.