Алматы облысында 81 кәсіпкер жеңілдетілген несие алды

1106

Алматы облысының 81 кәсіпкері мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алды.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бизнес Бастау» курсын аяқтаған алғашқы топ несиеге қол жеткізді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жалпы сомасы 423 млн теңге болатын 95 өтініш келіп түскен. Қазіргі таңда 81 кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылды. Оларға бөлінген қаржы көлемі 365 млн 550 мың теңге.

Алматы облысындағы  кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Ерлан Датқаевтың айтуынша, «Бизнес Бастау» жобасы жақсы нәтиже берді. Барлығы 3 кезеңде 827 адам оқытылып, олардың тең жартысы өз бизнес-жобаларын сәтті қорғаған. Қазіргі таңда 81-і несие алып, 14 өтініш қаралу үстінде.

Оның сөзінше,  ең көп несиені Жамбыл ауданының кәсіпкерлері рәсімдеді. Несиенің жалпы сомасы 162 млн теңге. 110 млн теңгеге жуық қаржыны Қарасай ауданының кәсіпкерлері алған. Ал Іле ауданының тұрғындары 100 млн теңгеге жуық несиелік қаржы рәсімдеген.

Негізгі қаржы мал шаруашылығындағы жобаларға бағытталған. Себебі өңірде ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Сонымен қатар жылыжай, балық шаруашылығы, сүт фермасы мен кондитер өнімдерін шығаратын цех ашу жобалары қаржыландырылды.

Естеріңізге сала кетейік, «Бизнес Бастау» жобасы аясында оқыту сәуір айында басталып, Алматы облысының 7 ауданында өтіп жатыр.