Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Қабілеттің шамасы бар ма?

Білім

Қабілеттің шамасы бар ма?

Қабілеттің шамасы бар ма?

Кішкентай сәбидің алғаш былдырлап сөйлеп, тәй-тәй басып жүре бастағанынан-ақ біз оның бойындағы ерекше бір қабілеттерді байқай түсеміз. Уілдеп ән айтуы, музыканың ырғағымен томпаң қағып билеуі бәрі-бәрі баланың қалыптасу барысындағы қалыпты сәттер. Ал мектеп табалдырығын аттаған кезде бейімділіктің  көрінісі де өзгере бастайды. Мысалы, бір пәнді айрықша жақсы көру, сурет салғанды ұнату немесе спорт ойындарына ерекше ықылас таныту т.б. Керісінше, бала сабақ оқығанды мүлде жек көріп, оған ешқандай ынтасы болмауы да мүмкін. Оған көбіне ата-аналар шағымданып, балаларына қатаң талап та қойып жатады.

Десек те, әр ата-ана балаларының білімді әрі өнерлі болып өскенін қалайды. Перзенттерінің қарым-қабілеттерін ашу үшін әр түрлі үйірмелерге жетелеп апарып, сол жолда жүгіріп жүретін немесе баласына қосымша клубтарға қатысуына шектеу қойып, тек қана сабағын жақсылап оқысын деп шарт қоятын ата-аналар да ортамызда бар.

Біз бұл екі тарапты да жан-жақты тарастырып көрейік. Ең бірінші, ата-анасы жетелеп апарып жүрген баланың сол үйірмеге деген қызығушылығы бар ма, жоқ па, соны анықтап алған дұрыс. Оның бейімі келіп, ықыласы артып тұрса құба-құп. Ал, сол үйірмеге еш ынтасы болмай, тек үлкендердің айтқанын орындап жүрсе, онда ата-ананың қалтасы үшін де, баланың босқа өтіп жатқан уақыты үшін де үлкен шығын болар еді.

Енді екінші тарапты қарастырып көрейік. Бала сабаққа мүлде құлықсыз, бірақ бір спорт түріне немесе музыкаға деген махаббаты ерекше болуы мүмкін. Ондай жағдайда оған ата-анасының қолдауы мен түсіністік танытуы аса қатты маңызды. Өйткені, бала өмірлік таңдауды сол кезде жасауы да ғажап емес. Кейде адамның қабілеті тосыннан, жүре келе пайда болуы да бек мүмкін. Кенеттен пайда болған қызығушылық адамзатты үлкен жетістіктер мен ұлы бастамаларға жеткізгенін естіп те жүрген шығарсыз.

Дегенмен, адамның қабілетінің шамасына шек қоя алмайсыз. Оған ұлы тұлғалардың өмірінен мысал келтіріп көрелік. Атақты композитор Моцарт төрт жасында музыкалық аспаптарда ойнап, бес жасынан өз туындыларын жаза бастаған. Ал Пушкиннің сегіз, Некрасовтың тоғыз жасынан бастап өлең жазғанын бірі білсе, бірі білмейді. Керісінше, бүкіл әлемге әйгілі ғалым Исаак Ньютон жас кезінде нашар оқып, оны тіпті оқуға қабілеті жоқ деп мектептен шығармақ та болған. Сондай-ақ, органикалық химиядан көп ғылыми жаңалықтар ашқан атақты ғалым Пастер мектепте оқып жүргенде химиядан тек нашар бағалар ғана алған екен.

Соған қарап, адамның қабілетінде шек болмайтынына тағы бір көз жеткіземіз. Сондықтан, адам өмір бойы өз-өзін шыңдаудан, өз-өзін ұдайы дамытудан еш жалықпау керек. Орта жасқа келгенде немесе қартайған шағыңызда кенеттен бойыңызда тамаша қабілеттің бар екенін байқап қалып жатсаңыз, таң қалмаңыз. Мүмкін, ол сіздің осы кезге дейін мүлде ашылмай келген бір қырыңыз шығар.

Әсем ҚҰЛМАНОВА

Бөлісу:
Әрі қарай оқу
Сізге ұнауы мүмкін...

Жақсы Ақпараттар Сайты

Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Білім айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

АЛАШПЫЗ БІЗ!

Авторы: 28.11.2017
Жоғары