Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Әлихан Бөкейханов

Әлихан Бөкейханов ©socreklama.kz

Мәдениет

Әлихан Бөкейханов

Әлихан Бөкейханов – Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1870 жылы, наурыздың 5 жұлдызында бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бүгінде ол жер – Шабанбай би селолық округы. Әлиханның тегі алғашында “Нұрмұхамедов” болған деп көрсетіледі, кейіннен жоғарғы оқу орнының соңғы курсында ол тегін Бөкейханов етіп өзгерткен.

Білімі

Әлихан Бөкейханов Қарқаралыдағы ауыл молдасынан арабша оқиды. Одан соң қаладағы үш сыныпты орыстілді бастауыш мектепке ауысады. Оны аяқтаған соң, 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепке қабылданады. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеге түседі. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде білім алады.

Саяси белсенділігі мен еңбектері

1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі болады. Осы жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбаевпен бірге Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Петицияға 14 500 адам қол қойған.
1905 жылдың күз айында Ә.Б. Семей облысы қазақтарының атынан Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланады. Алайда ол Дума жұмысына қатыса алмады. Себебі, дала өлкесінің генерал-губернаторының айыптауымен 3 ай Павлодар абақтасына жабылады.

Абақтыдан шыққан Әлихан Бөкейханов сол кезде тарап кеткен дума мүшелерінің артынан Выборг қаласына келеді. Выборг үндеуіне қол қояды. Сол үшін жазаланып, 3 айға Семей түрмесіне жабылады.

Әлихан Бөкейхановтың мұрасы – әр салаға арналған очерктер мен мақалалардан тұрады. Олар Ресей мен қазақ елінің басылымдарында жарық көрген. Ә.Б.-тың – экономика, әдебиеттану, ормантану, ауылшаруашылық салаларына арналған көптеген жазбалары сақталған.

“Алаш” партиясының құрылуы

1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым – “Алаш” партиясын ұйымдастыруға кіріседі, артынша – желтоқсан айында – Алаш автономиясын жариялайды. Оның үкіметі болып Алашорда құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалады.

Советтердің қудалауы

1920 жылы Алаш автономиясы тарих сахнасынан біржола жоғалып, оның мүшелері қудаланады. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылып, осында 10 жыл бойы үйқамақта отырады.

Ату жазасы

Бутырка абақтысына тоғытылған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Әлиханның қабірнің қайда екені жайлы мағлұмат тек 2007 жылы жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына көмілген.

Отбасы

Әлихан Бөкейханов жұбайының есімі Ольга. 1903 жылы қызы Елизавета, ал 1910 жылы ұлы Өкітай дүниеге келеді. Бөкейхановтың қызы – Смағұл Сәдуақасовқа күйеуге шыққан. Ұлы Өкітай 1957 жылы өмірден озған.

Бөлісу:
Әрі қарай оқу
Сізге ұнауы мүмкін...
1 пікір

1 пікір

  1. Pingback: Ахмет Байтұрсынов – Жақсы Ақпараттар Сайты

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Мәдениет айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары