Зафер Кираз, журналист: Сұхбат беруші ашылып сөйлеу үшін қоңыр киім киіңіз

3388

Өткен сенбі «Хабар 24» арнасының 5 жылдық мерейтойына орай «Қазмедиа орталығында» жас журналистерге арналған шеберлік сабағы өткен болатын. Түркия мен Ресейден келген тәжірибелі журналистер Зафер Кираз бен Алексей Пивоваров жиналған журналистер мен студенттерге айтқан дәрістерінен аздаған үзінді бергенді жөн көріп отырмын.

Екі мықтының дәрістері барысында журналиске керек қабілеттер, контент, дистрибуция, ақпаратты қайтаөңдеу, SMM түсініктері туралы көп ақпарат айтылды.

www.instagram.com

Зафер Кираз, журналист, диктор. «Түрік тілі комитетінің жоғары наградасының иегері»:

«Мен 12 жылдан бері теледидар қарамаймын. Жаңалықты ғаламтордан  таңдап оқимын. Кез келген арна жаңалықты өздерінің көзқарастары мен ішкі саясатына икемдеп шығарады. Сондықтан тек бір арнаның жаңалықтарын көру дұрыс емес. Таңдап оқу адамның миын психологиялық соғыстан сақтайды».

Сонымен қатар түрік телевизиясының кемеңгері айтқан мына кеңестерді оқып көріңіз:

  • Журналистикада жетістікке жету үшін міндетті түрде дене тілін, түстер тілін және гипнотикалық жазуды меңгеру қажет.
  • 10 бет етіп жазған жұмысыңның екі беті де кейде адамды қызықтырмауы мүмкін. Сондықтан алғашқы сөздерден-ақ адамның санасына әсер ете білу керек. Ол үшін журналист міндетті түрде гипнотикалық жазудан хабардар болғаны жөн.
  • Сұхбат беруші адам ашылып, жақсы сөйлесін десеңіз үстіңізге қоңыр түсті киім киген дұрыс.
  • Ал студияның декорациясына қызыл, сұр, қоңыр түстерді мүлдем қолдануға болмайды. Қызыл – қанның, агрессияның түсі. Ал көк адам бойына сенімділік ұялатады. Сондықтан аспанның түсінен қашпаңыз.
  • Журналист жетістігінің құпиясы – дене және түстер тілін жақсы меңгеруде. Сондықтан сауаттылық пен білімділіктен өзге журналиске қосымша қабілеттер ауадай қажет.

Алексей Пивоваров, теле және радиожүргізуші, медиаменеджер, «RTVi» арнасының бас продюсері:

  • Қазіргі нарықтағы ең бағалы нәрсе контент. Барлығын контент шешеді. Журналистің басты байлығы – сапалы контент.
  • Контент – дистрибуция – қайтаөңдеу. Қазіргі таңда кез келген журналистің білуі міндетті жүйе осы.
  • Сайтқа/эфирге шыққан дайын ақпаратты түрлі желілерге дистрибуция жасау әртүрлі жүргізіледі. Яғни, әр әлеуметтік желіге өнімді қайтаөңдеу жолы әртүрлі. Осы ерекшеліктерді білу керек.
  • Телеарнаның Digital және телевизия сияқты екі бөлімінің арасындағы үндестікті табу қажет. Екі түрлі қызмет атқаратын бөлімдер болғанымен олардың барлығы да журналистер.
  • Репортаж – жанрлардың атасы. Оны білмейтін журналист алысқа бармайды. Сондықтан журналист ең алдымен репортаж жазудың маманы болған дұрыс.

Айман Сырлыбай