Кинотеатр мәдениетін білесіз бе?

2674

Режиссёр, актер, сценарист Роман Поланскидің айтуынша жақсы кино адамды кинотеатрда отырғанын ұмыттырып жіберуі керек екен. Өнер тұрғысынан алғанда бұл жақсы тұжырым болғанымен, осы пікірге сүйеніп, кинотеатр мәдениетін ұмытып кетуге де болмайды.

Әрине, біз кино көргенді жақсы көреміз, ал кинотеатр мәдениетін сақтауды қаншалықты білеміз? Қазір қоғамдық орында отырғанын ұмытып кетіп, залда көптің мазасын алатын адамдардың бары жасырын емес. Егер сіз ондай адамдардың қатарынан табылғыңыз келмесе біздің келесі кеңестерімізді есте сақтаңыз:

  • Киноға кешігіп келудің өзі ең үлкен әдепсіздік. Сондықтан залдың жарығы өшпес бұрын өз орныңызды тауып алуға тырысыңыз. Қараңғы залда жүру қауіпті әрі сіздің көлеңкеңіз экранға түсуі мүмкін. Ал бұл қалған көрермендерге ұнай қоймасы анық;
  • Егер кешігіп қалсаңыз қатардың ең шетіндегі бос орындардың біріне отырғаныңыз дұрыс. Бұл мүмкін болмаса, амал жоқ, өз орныңызды іздейсіз;
  • Отырған адамдардың арасынан арқаңызды экранға беріп, келтірген ыңғайсыздықтарыңыз үшін кешірім сұрап өтіңіз;
  • Ұялы телефоныңыздың дауысын сөндіріп қоюды ұмытпаңыз. Тіпті дыбыссыз режимде де сеанс уақытында оны қолдануға болмайды. Өйткені сіздің бетіңізге түскен телефон жарығы қасыңыздағы көрермендерді алаңдатуы мүмкін;
  • Егер сіз чипсы немесе попкорнсыз кино көре алмайтын болсаңыз, шытырлақ қаптамасын кино басталмас бұрын ашып алыңыз және қараңғыда оны төгіп алудан сақтаныңыз. Сонымен қатар залға иісі өткір чипсыды алып кіру әдепсіздік екенін ұмытпаңыз. Өйткені сіз жалғыз емессіз. Тағамның иісі кейбір көрермендерге ұнамауы мүмкін;
  • Тағы бір еске салатын жайт, бір адамға орындықтың бір шынтақ сүйеніші тиесілі. Екі бірдей шынтақ сүйенішке қолды қойып алу – әдепсіздік. Екі жаныңызда да адам барын ұмытпаңыз;
  • Алдыңғы орындықты аяғыңызбен теуіп, еденді өкшемен тарсылдатуға да болмайды;
  • Сеанс барысында қатты күлуге немесе айқайлауға тыйым салынған. Әрине, фильм өте күлкілі болуы мүмкін. Бірақ әр нәрсе өз орнымен.
  • Қасыңыздағы досыңызбен фильмді сеанс барысында талқылауға болмайды. Залдан шыққаннан кейін де пікір білдіруге уақыт табылады;
  • Ең соңғы ескертпеміз, залдан шығарда өзіңізбен бірге қоқысты ала шығуды ұмытпаңыз. Залдың кіре берісінде арнайы қоқыс жәшігі орнатылған. Өзіңізді де, техникалық қызметкерлерді сыйлаңыз.

Жоғарыдағы кеңестерді бәрі білуі мүмкін. Бірақ кейде кинотеатрда оны ұмытып кететініміз бар. Жақсы кеңестің артықшылығы жоқ. Мәдениеттің мәртебесі өзін-өзі ұстаумен өлшенеді.

Айман Сырлыбай