Тәуелсіздік және руханият

949

Дана Абай: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ақиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рақатың – бәрі бірдей екен» деп, адам баласы ажырамас бірдейлік, біртұтастықтан тұратынын, қоғамнан ажырап өмір сүру мүмкін емес екенін ескертеді. Әрі өмірдің  ақыретте де жалғасын табатынын, адам өмірінің екінші қырын да ашып айтады.

Тәуелсіздік сөзі – дербестік, бостандық, азаттық, егемендік, еркіндік сияқты мағыналарыды білдіреді. Қазақ ұлтының «Қазақ» атауымен аталуы да қазақ халқының  еркін, дербес, өзгеге тәуелді болмай өмір сүруінен шыққан.

Тарихымызды Керей мен Жәнібек сұлтандардың қазақ хандығын құру кезеңімен қабылдағанымызбен, одан әріде көшпелі тәуелсіз, еркін ел болғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Сәкен Сейфуллин: «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» атты еңбегінде: «Көп елінен оқшауланып шығып, жауынгерлік кәсібінде болғандарды «қазақ» депті – деген сөзімен «Қазақ» сөзінің жауынгерлік, еркіндік ұғымы екенін көнеден келе жатқан мысыр, парыс, өзбек, орыс жазбаларындағы тарихи деректер растайды» деп түйіндеген.

Тарихтағы хандарымызды ақ киізге ардақтап көтеруімен бүгінгі тәуелсіздіктің арайлы таңы исі қазақтың жеңісі емес пе?! Тәуелсіздік – Еліміздің төрткүл дүниеге өркениет есігін баяғы бабаларымызша тағы бір айқара ашқанын, өзге елдер сияқты шаңырағы биік, керегесі кең ел болғандығының дәлелі.

Алланың тосын сыйы тәуелсіздік, бізді қағажу көрген тілімізге де, қудалау көрген дінімізге де қауыштырды. Дініміз, жүдеу тартқан көңілімізге иман нұрын ұялатты. Рухани талпыныстардың нәтижесінде кешегі материалистік дүниетанымның кері әсерінен құтылып, адамзат ұрлық-қар­лық, зорлық-зомбылық, өшпенді­лік, ашкөздік, арсыздық сияқты жаһан­дануға жұтылып кетудің алдына тосқауыл қойылды.

Ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келген Ислам дінінің тарихын, дәстүрін, шариғат нормаларын оқып-үйреніп, ұрпақтың жадында қалдыру керек екендігін ұқтық. Себебі, қазақ халқының тарихы мен болашағы әрдайым Ислам құндылықтарымен сабақтасып жатқаны белгілі.

Тәуелсіздігіміз пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) сүннетіне сай қан төгіссіз, бейбітшілікпен өз мәресіне жеткені жалпы жұртқа мәлім. Яғни, осыдан он төрт ғасыр бұрын Ислам тарихындағы һижреттің сегізінші жылы. Алланың қасиетті үйі Қағба орналасқан, Пайғамбарының (с.а.с) туып-өскен жері, сүйікті қаласы болған Меккеның тәуелсіздігі де ешбір қан төгіссіз, бейбітшілікпен қолға келген еді.

Тұтас болмысымен бейбітшілік діні болып саналатын Ислам дінін ту еткен хақ Пайғамбар Алланың қасиетті мекені – Меккені пұттарға толтырған мүшріктер мазағынан қан төгіссіз тазартып, Құдайдың бірлігін насихаттап, әділтікті жалпы жұртқа кеңінен жаюға кірісті. Сөйтіп, үмметіне қайталанбас өнеге қалдырды.

Халқымыз кешегі тәуелсіздік күні, осыдан XІV ғасыр бұрынғы Мекке тәуелсіздігі қарсаңында Алла елшісінің (с.а.с) Меккені азат етіп, араб түбегіне билік жүргізген уақттағы көрсеткен мейірімі мен әділ шешімінің үлгісін тағы бір әлемге пәш етті. Яғни, халқымыз 70 жыл бойы бастан кешкен тауқыметтерін түгелдей ұмытып, еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне кең құшағын айқара ашып, бәрін кешіре білуін мұсылмандық дәстүрдің жарқын көрінісі деп білеміз.

Міне, соның нәтижесі еліміздегі өзге барлық ұлт өкілдері ел саясатының салихалы теңдігін көріп, халқымызбен терезелері тең, өрістері кең бейбіт өмір сүріп келеді. Қазақ сынды кең пейіл халықтың болмысындағы рухани қасиеттер пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) сүннетінен нәр алып, бейбіт сүйгіштік мінезін түрлі дін өкілдерінің басшыларының басын неше мәрте қосып, әлемдік ынтымақты насихаттаудан тоқтаған емес.

Иоанн Павел ІІ Астанаға келген сапарында Қазақстан Президентінің қасында тұрып: «Батыс… жалаңаштанып алып Құдайды ұмытты…Ұятты ұмытты!!» деген сөзі астарынан біз Құдайға емес, капиталға тәуелді болдық деп дінсіз қоғамда баянды өркениет қалыптаспайтынын ескерткендей. Біз тәуелсіздігімізді баянды ету үшін әуелі мәңгілік өркениет негізін құруымыз тиіс.

Иоанн Павел II түсінігінде негізгі өркениет ғылым-техниканың шыңырау шегіне жетуі емес, негізгі өркениет Құдайшыл болу (рухани тұлғаға айналу) және ұятты болу. Ал ғылым-техника өркениеті рухани моральдық-адамгершілік төңірегінде ғана өркениет саналмақ.

Тәуелсіздіктің туын жықпай, болашағымызды жарқын ету жас ұрпақтардың еншісінде екендігі ақиқат. Сол себепті, тәуелсіздіктің мәнін түсіндіру, жас ұрпақты рухы таза, жігері асқақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп намысын жатқа бермейтін, ел-жұрттың мақтанышы болатындай етіп тәрбиелеу бүгінгі буынның басты борышы болып табылады. Сондай-ақ, атадан мирас, ұрпаққа аманат болған баға жетпес тәуелсіздікті тұғырынан тайдырмай, тамырын тереңге жіберу үшін отанға опалы, руханияты кемел халық болу қажет.

kazislam.kz