Мазар – тарихи сана мен адамдық сананың сақшысы

859

Қазір мазар, мола десе, мұсылмандар екі жікке бөлінетін болыпты. Оның себептері де жоқ емес, әрине. Бұрынғы түсініктер мен жаңа танымдар арасындағы дилемма, қайшылықты діни танымдардан да туындап отырғандығы анық. Мысалы қазір қоғамда уахабилік таным жат болмай қалды. Олардың мазар туралы түсініктеріне келсек, моланың үстіне кесене салуға, сол кесенеге намаз қылуға, мола басында шырақшылық жасауға, мола басында құлшылық жасауға, өлгендердің рухына садақа беруге болмайды.

Қазақтар да ғасырлар бойы мұсылман болып келе жатқан халық. Сунни оның ішінде Матуриди діни танымындағы, Имам ағзам жолындағы мұсылмандар. Олар үшін мазар, кесене салу ол дұрыс, ешқандай тыйым салынбаған, діни тәжірибемізде де ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан үрдіс.

Егер кесене салу харам болса, сахабаларымыз, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) Әзірет Әбу Бәкір Сыддықты, Әзіреті Омар Фаруқты кесене ішіне бөлмеге жерлемеген болар еді. Кесене өлгендерге табыну үшін емес, оған құрмет, махаббат көрсету салынса, екінші жағынан мазарға құран бағыштауға, дұға жасауға келгендер үшін ыстық суықтан, жаңбыр дауылдан қорғайтын функциясы да бар.

Сол сияқты әулиелердің басына салынған кесенелер оған деген құрмет, оның руханиятынан файиз алу үшін салынған, табыну үшін емес. Сондықтан кесене тек  өлген үшін ғана емес, тірілер үшін, әулиенің өмірі мен амалынан үлгі алу үшін де салынады. Бұл құбылыс барлық діндерде кездеседі.

Бірақ сунни ғұламалар, мазарды мақтаныш, рия, байлығын көрсету орнына айналдыру харам деп тапқан. Мазар белгі яки ұмытылмау мақсатында салынса, макруһ. Ал мәйітті ұрыдан, аң құстан сақтау мақсатында салынса, макруһ емес. Пайғамбарымыз да ұлы Ибрахимнің мазарын биіктетіп, сылатып кесене салғаны белгілі. Құлаған жерлерін қайта сылатып, оған құрметін көрсеткен. (Хуласа деген еңбекте тұр).

Пайғамбарымыз Айша анмыздың бөлмесінде  жан тапсырды, сол үйдегі бөлмеде жерленді. Жалпы ислам ғұламалары кесенені пұтқа теңемеген, ең ұшқарысы харам болатындығын ескерткен, сонымен қатар, мазарды зиярат етіп, әулиеге тауассул еткен мұсылмандарға ешбір ғұлама жаман ой айтып, жамандамаған.

Ибн Хажар Ал Макки хазретлері «…пайғамбар мазарына намаз қылу дұрыс. Макрух те емес, Пайғамбарлар өз мазарларында әрдайым тірі, бірақ олардың тіршілігі қай жағынан болсын, біздің тіршілігімізге ұқсамайды…»

Мадина қаласындағы «Бақи» мазарлығына Осман бин Мағзунды жерлеп, басына алғаш рет қабіртас орнатқан да пайғамбарымыз болатын.

Жалпы ислам дінінде пайғамбарды, оның мирасшылары әулиелерді уасила ету рұқсат етілген амалдаран есептеледі. Бұл туралы ислам классикалық деректері де растайды. (Жамиға ал фатаууа, Кашф ан нур, усул ал арбаа) Исламда әрбір мумин ұйқыда да өлгенде де мумин болып қалады. Сол сияқты пайғамбарлар да тірісінде де өлісінде де пайғамбар. Кесене осы  діни феноменнің көрінісі.

Жалпы мазар теологиялық тұрғыдан, ғасырлар бойы адам мен Жаратушы арасындағы  сабақтастық феномені мен эсхатологиялық мағынасы бар құбылыс. Саяси, тарихи және дәстүрде мазар ол шекара, жерді игеру аймағын, тиесілік пен иемденудің, меншіктің дәлелі болған.

Қазақта молалы жерде су болар, сулы жерде ел болар деген тұжырым бар. Мазар, мола ол елдің тарихы да. Мола қасында дем алу, ұйықтау, айналасын тазалау, үстіндегі шөптерді жұлу, құраған ағаш бұталардан арылту макрух іс, керек нәрсе.

Сосын ерлер үшін мазарды зиярат ету аптаның жұма не сенбі күндері дұрыс болады. Бұл басқа күндері болмайды деген мағынада емес әрине. Мазарды зиярат ету адам жаны үшін де қажет нәрсе, нәпсіңді өлім алдында тәрбиелеуге, өлімді еске алуға дәнекер болады. Сосын сіздің сол мазар жеріндегі дұғаңыз да әруақтың рахметке, кешіріміне себеп болады.

Әйелдерге мазар зиярат әдебі бар, ол алдымен киімі лайықты сосын ерімен немесе апа сіңлілерімен бару керек. Сосын мазар басында жоқтау дұрыс емес.

Ал әулиелер мазарына барғанда мақсаты оған деген құрметі, берекесі, файизі төңірегінде ниеттенуі дұрыс болады. Жоқ оған жалбарынып, анау бер мынау бер емес, Алладан осы әулиенің құрметі үшін деп уасила ниеті қабыл болады. Кез келген жәрдем де тек Алладан болады, ал әулилерді уасила қылуға рұқсат. Бұл ширк емес. Ақидамыз да діни танымыз да осыны қуаттайды.

Мазар зияратында білген дұғаңды, Фатиха немесе Ыхлас сүрелерді оқыған жөн. Бірақ «Иасин» сүресін оқу – үрдісіміз. Пайғамбарымыз осылай кеңес берген.

Ал енді мазарларға түрлі түсті мата байлап кету ислами емес, ол – бидғат.

Менің айтпағым басқа мәселе, қазір мазарларға қарап тұрып, оның артында қалған ұрпағының кім екенін аңғаратын жағдайға келдік. Мәрмәр тастар, асыл жалтыр әшекейлер, күміс алтын қапталған күмбездер, сәулеті де арнайы жобалармен тапсырыспен жасалып, кәдімгі хан сарайына ұқсатыла бастапты.

Мазар салу да жарысқа айналып барады. Қолынан келсе де келмесе де, жағдайы болса да болмаса да, тыраштанып, кесене салу бұл енді надандық, исламның мәніне сай емес деген сөз.

Сол мәрмәрларды халықтың елдің пайдасына, жетім жесірлерге, баспанасы жоқтарға берсе, мазардағы ата анасына да көп сауап жазылар ма еді деген ой келеді. «Байдың малын байқұс қызғанады» деген емес, сенің байлығың ол мына ел тұрғанда ғана, мына ел тоқ тұрғанда ғана, мына ел тыныштықта, ынтымақта болғанда ғана баянды болады.

Көршің аштықта жатса да оған қарайламай, өз даңқыңды асырамын деп, ата баба мазарын көркемдегенің, қайта сол әруақты даттағанмен тең. Себебі Құранға, Алланың сөзіне қарасаң, аят сүре ата бабаңа арнап мазарда оқу үшін емес, өз рухыңды тазалау, санаңды жаңғырту, адамдық өлшеміңді таразылап тұру үшін түскен.

Рас, ата-анаңа құрмет тірісінде де өлісінде де жалғасып жатсын…Бұл құранның әмірі. Бірақ иманның да, момындықтың да, мұсылмандықтың да, мойынсұну да, байлықтың да, ата анаға құрметтің де өлшемі осы қоғамға, ондағы адамға деген рухыңның тазалығы мен қызметіңмен өлшенеді.

Құран мазарда ғана оқуға немесе кешіріп қойыңыз «пал аштыруда» оқылатын «мағынасыз тақпақ» емес. Ол Тірі, Мәңгі Алланың Сөзі. Ал оны мазардағы мәңгілер мен қасыңдағы өлмесе де өлімші болып, күн көріс азабынан құтыла алмай жүргендер разылығын алуды тұтас түсіндіретіндей оқи алмасаң бәрі далбаса…

Мазар сал, атаңды құрметте, бірақ оны жарысқа, мансап мен құмарлық, байлық марафоны алаңына айналдырмайық…

Одан да исламдағы қабір, мазар туралы оңды істерді айта кетейік…Алдымен мазарларды алтын, тас жаухарлармен аптау емес, керісінше, қарапайым, бірақ, таза, қорғауда, жан жағы гүлзарлар мен ағаштармен абаттанған болса құба құп. Бұл әруақтар үшін артындағы адал ұрпақтың ең қалаулы парыздарынан болып табылады.

Сосын мазарлар аяқ асты болмауы тиіс. Сол үшін де қоршап, қорғап, күтіп қарап тұрсаңыз осы сіздің ата анаңызға деген құрметіңіздің баяндылығын көрсетеді. Бала шағаңызды басына апарып мына жерде «атаң немесе әжең жатыр» деп ұрпақтар арасындағы сабақтасты осылай да сездіруге болады. Мазар бұл бала тәрбиесіне де қажет құбылыс.

kazislam.kz