Қуырдақ. Наурыз берекелі болсын!

10392
Қуырдақ ©jas.kz
Қуырдақ ©jas.kz

Қуырдақ «қуыру» деген сөзден шыққан. Ол аң-құстардың, малдың етінен жасалады. Осыған ұқсас тағам бауырлас – қырғыздарда, өзбектерде және түркімендерде кездеседі.

Қуырдақ ©jas.kz

Қуырдақтың  жаңқа қуырдақ, картоп қосылған, қара қуырдақ, соғым қуырдақ және үкпе қуырдақ деген түрлері бар. Сонымен бірге, уақ малдың жас төлі немесе қозының етінен қуырып сірне, сырбаз дайындайды; оның басқалардан ерекшелілігі – сүттен ажырамаған жас малдың еті өте жұмсақ және желімденіп қолға жабысқақ болады.

Қуырдақ ©jas.kz

Қуырдаққа еттен басқа – бауыр, бүйрек, өкпе, жүрек, көк бауыр қосылады. Сонымен қатар пияз, картоп, сәбіз, асқабақ қосылуы мүмкін.

Қуырдақ ©jas.kz

Қуырдақты мынадай қарапайым тәсілмен дайындайды. Етті майдалап турайды да, қазанда қыздырылып тұрған сұйық майға қуырады. Кейде малдың өзінің майына да қуырады. Қуырдаққа әуес адамдар малдың құйрық майын, іш майлары мен жылқының қазы майларын да қосуы мүмкін, бірақ бұл көпке ұнай бермейді. Ет қуырылып жатқанда өкпені дайындай беру керек. Өкпенің бір кесегі жақсылап жуылып, қайнатылады. Қайнағаннан кейін суын төгіп тастап,  жуып, үстінен ыстық су құйып, тағы да 20-25 минут қайнатады. Одан алып, тағы да жуып, ұсақ кесектерге кеседі.

Қуырдақ ©jas.kz

Бауырдың ащы дәмін жою және қабықшасын жеңіл алу үшін оны алдын-ала сүтке салып қоюға болады. Әрі қарай жүректі кішкене кесектерге турап, етпен және өкпемен бірге майға қуырады. Пиязды ұсақтап дөңгелектеп кесіп қазанға салынады. Осының бәрін 10-15минут қуырады, содан кейін қазанға 200 мл ыстық су құйылады. Содан кейін от азайтылып, қазан қақпақпен жабылып, сағатқа жетер-жетпес уақыт бұқтырылады. Аспаз осы кезеңде картоп, сәбіз немесе басқа көкөніс қосуы мүмкін. Осылай қуырылған қуырдақ жұмсақ болады.

Қуырдақ ©jas.kz

Бал қуырдақ – жас малдың немесе жұмсақ етті майға емес, пісірілген сүттің бетіндегі қаймаққа қуырады. Осылай дайындалған қуырдақ  жеңіл әрі жүрекке тимейтін болады.

Жаңқа қуырдақты негізінен тоңазытқыштағы сіресіп қатып тұрған соғым еттен дайындайды. Аты айтып тұрғандай, мұз болып сіресіп тұрған етті пышақпен немесе балтамен жұқалап, жаңқа сияқты етіп жонып алады. Мұны бірден қазандағы майға салып қуыра беруге болады.

Картоп қосқан қуырдақ –  етті картоппен бірге қуырып, оған томат, лавр жапырағы, бұрыш, аскөк сынды т.б. түрлі дәмдеуіштер қосылады.

Қара қуырдақ – малдың ішкі құрылыстарынан, яғни өкпе, жүрек, бүйрек және бауырдан қуырылады. Бауыр тез езілгіш, өте жұмсақ болғандықтан, қазанға ең соңынан салынады. Бауыр қуырдақтың реңін қарайтып жібереді, атау да содан шыққан.

Үкпе қуырдақ деп – ұсақталып туралған етті суға салмай-ақ бірден майға қуыра салғанды айтады.

Соғым қуырдақ –  ірі мал немесе соғым сойылғанда қасапшыға, ішек-қарын тазаласып, көмектескен адамдарға дайындалатын ас. 

Қуырдақ ©jas.kz

Шырақ Байкенова