Домой Жаңалықтар Технология Электронды сандық қолтаңба деген не?

Электронды сандық қолтаңба деген не?

Электронды сандық қолтаңба деген не?

Электронды сандық қолтаңба деген не?Кешегі күні электронды түрде қолтаңба қою түгілі электронды мәтінді жазып, бір нүктеден екінші нүктеге жіберуді елестете алмайтын болсақ, қазір анықтаманы да, кезекті де үйде отырып-ақ тындыруға болады.  Ол аздай некеге де, балаңызды балабақшаға кезекке тұрғызу, жоғалған құжаттарыңызды қайта алу, үйге кезекке тұруды да электронды құжат арқылы жүзеге асыра алатын болдық. Ал бұл жұмыстардың бәріне алдымен электронды қолтаңба алу қажет.

«Электрондық сандық (цифрлық) қолтаңба»  (ЭСҚ) дегеніміз — электрондық сандық қолтаңба  құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілі әрі мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық сандық нышандар терімі. Қолтаңбаны пайдалану өте оңай. Ол үшін ешқандай арнайы білім, дағдылар және құралдар талап етілмейді. Электрондық қолтаңба кілтінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, жеке немесе заңды тұлғалар мемлекеттік мекемелерден тиісті анықтамаларды ала алады. Мысалы, жылжымайтын мүлкіңіздің бары немесе жоқтығы туралы, мекен-жай анықтаманы, салымшының зейнетақы аударымдары туралы анықтама, сотталған немесе сотталмаған туралы анықтама алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып кезекте тұрмай-ақ үйіңізде отырып ала аласыз. Қазіргідей ақпараттың көп, ғаламтордың қарыштап дамыған кезінде осы шаруаларды үйіңізде отырып-ақ тындыру — уақытыңыз бен қаржыңызды үнемдеудің тиімді жолы.

Сондай-ақ, ұялы сымтетік арқылы онлайн қызметтерді алуға болатынын хабарлаймыз. Электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасының алғашқы нұсқасы 2012 жылы шілде айында іске қосылған болатын. Ең алдымен мобильдік қосымшаны қазақ және орыс тілдерінде Andrоid пайдаланушылары қолданса, кейін ол іOS жүйесінде іске қосылды. Ең алдымен, қазақстандықтар ұялы телефон арқылы салық, коммуналдық төлем мен айыппұл төлеп, мекенжай анықтамасын алу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі таңда, ұялы телефоныңыздағы электрондық үкіметтің қосымшасы арқылы кезекке тұруға болады. Кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, операторға кезек нөмірін көрсетесіз. Осылайша кезек күтіп, уақытыңызды жоғалтпайсыз. Бұдан басқа, салық комитетінің қызметін енгізу көзделген. Нәтижесінде онлайн-режимінде қарыздың бар-жоқтығы жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік беріледі. Мысалы, сіздің төленбеген мүлік салығыңыз бар. Сол мәліметті тексере аласыз. Порталда мұндай анықтама бес күнде беріледі, ал мобильдік қосымшада бұл қызмет автоматты түрде көрсетіледі.

Пайдаланушы санаулы секундта мекенжай анықтамасын электрондық поштаға жіберіп, басып шығара алады. Мекенжай бюросына жүгіріп, не болмаса анықтама алудың өзге жолдарын іздеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, балабақшаға кезекке тұрып, оны қадағалап отыруға мүмкіндік беретін электрондық қызмет іске қосылған. Бұл үшін баланың ЖСН-н немесе туған жылы мен күнін, аты-жөнін енгізу қажет. Келешекте, Шымкент қаласының тұрғындары үшін дәрі-дәрмек атауы арқылы жақын маңдағы дәріхананы табуға мүмкіндік беретін қызмет енгізіледі. Айта кетерлігі, бұл қызмет тек мобильдік қосымшада ғана көрсетіледі.

Бүгінгі күні елімізде 144 ХҚКО чипке электрондық цифрлық қолтаңба жазылған жаңа жеке куәлік беру бойынша қызмет көрсетеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық үкімет бұрыштары ашылған. Бұл жерде қазақстандықтарға электрондық қызметтер алу мәселелері жөнінде кеңес беріледі. ЭЦҚ жазылған куәліктің иесі үйден шықпай-ақ, картридердің көмегімен мемлекеттік қызметті онлайн түрде ала алады. Картридерді тұрмыстық немесе компьютерлік техника дүкендерінде сатып алуға болады.

Сонымен қатар, тағы бір «Электронды үкімет» порталының мүмкіндігі ол азаматтар облыстың кез келген жерінде тұрып-ақ республикамыздың барлық өңірлеріндегі өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікке қатысты анықтамаларды ала алады.

Қысқасы, «Электронды үкімет» порталы мен электрондық сандық қолтаңбаның тиімділігі – уақытыңызды үнемдейсіз әрі қызметтері қолжетімді.

Жомарт НҰРЖАНОВ, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК-ның

ОҚО бойынша филиалының Шымкент қалалық №3 бөлімінің басшысы

ozgepikir.kz

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here