Ақын Әлімжан Әлішердің үздік туындыларынан..

3265
Калайсың?
Тағы сенің жүрегіңе кеп қалдым,
Секундтардың,
Сағаттардың,
Шақтардың,-
Маған қымбат елеңдетіп елесі,
Елесіне алданғаным көп осы.
Мезі болып кетуіме шақ қалдым,
Ешкімге жоқ ақталғым.

Кеудеме ыза,жүрегіме толды өлең,
Және бұлай жалғызсырап көрмеп ем.
Күнде осылай қайталаймын түн әнін,
Кеудемнің сол жағындағы тұмарым,-
Бағынбастан өз-өзіне көнді әрең.
Кімге сенем сонда мен.

Бірде күнмен,
Бірде гүлмен тең шамам,
Бола ала ма күткен жандар менше алаң?
Мен өзімнің арманымнан енші алам,
Не қылмайды ал қолынан келсе адам?
Бар көктемнің гүлін берсем мен саған,
Жұбанар ма ең сен соған.

Жолдар бізге көрсетпесін жолағын,
Жолағына жолағым жоқ жолағым.
Бәрін кері жасайды әлем жынды қып.
Сен жымисаң аспан ашық,
Күн күліп,
Сен мұңайсаң ашпайды бір қабағын.
…Хәлі мүшкіл қаланың.

Күткен едім басқаша мен шын одан,
Сағынышым таусылмайтын драмам.
Сүйдіре де,
Сүйгізе де алмаймын,
Саған қарай бара алмаймын,бармаймын,
Жүрегіңде жұбанам.
Жүрегіңді жылатпашы сұранам.

Даламен де,жаңбырмен де сөзім бір,
Жүрегім-ай,
Жүрегім-ай езілгір.
Әппақ-әппақ перделердің ішінде,
Тағы бүгін сені көрдім түсімде.
Жақсылыққа жорисың ба өзің біл,
Танисың ба сезім бұл!

Күдікті ұттым,үміт күттім көп күннен,
Шылымсыз-ақ шексіз азап шектірген.
Не табамыз қалтыраған күзді арбап,
Қызыл көйлек болмысыңнан қызғалдық.
Қызыл түсті жақсы көріп кеттім мен.
Қызылды сен,
Сені қызыл деп білгем.

Ай көрінер дөңгеленіп ескі әлем,
Шындық іздеп шатыр үсті көшкен ем.
Анағанда-мынағанда бас қатып,
Жалықпастан бітірмедім басқа түк.
Өлең оқып отырамын кешке мен,
Өзгерген жоқ ештеңем.

Сені ойлауға себеп етті сенімім,
Сенімімнен ажыратар мені кім?
Үмітімді үркітсең де үзбес ем.
Ал,сағынсаң,
Іздесең,
Сол баяғы нөмірім,
Сол баяғы өмірім…

Авторы: ӘЛІМЖАН ӘЛІШЕР