Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнес иелеріне көмек беруде

1338

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы алты ай ішінде кәсіпкерлердің 125 миллион теңгесін үнемдеуге көмектесті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі болды.

Кәсіпкерлер палатасының бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, Палатаға кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында 114 өтініш келіп түскен. Оның 59-ы оң нәтижесін тапты.

Жыл басынан бері 3,6 мыңнан астам кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға тегін сервистік қызмет көрсетіліп, 9 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік бағдарлама бойынша ақпарат берілді. Кәсіпкерлерге 218 бизнес-жоспар әзірленді. Қазіргі таңда жалпы жобалар 122,8 миллион теңгеге қаржыландырылып жатыр.

«Өздеріңіз білетіндей, биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында біз «Бастау бизнес» жобасын іске қостық. Бағдарлама бір ай көлемінде бизнес негіздерін үйретуді көздейді. Бүгін жеті ауданда 611 қатысушы оқытылды. Соның ішінде 53 тыңдаушы жалпы сомасы 300 млн теңгеге тең несиеге қол жеткізді», – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Әсет Шаяхметов.

Тағы бір маңызды бағыттардың бірі – агроөнеркәсіптік кешенді қолдау. Жарты жыл ішінде Палатаның сүйемелдеуімен 12 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. «Ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау қоры» арқылы 9 кооперативке қаржыландыруға көмек берілді. Ауыл кәсіпкерлерінің біліктілігін арттыру мен жаңа технологияларды енгізуге қолдау білдіру мақсатында облыс бойынша мал және егін шаруашылықтары бойынша түрлі семинар-тренингтар өткізіліп жатыр.