Мәдениет және спорт министрі Алматы облысындағы бірнеше көне қаланы аралады

1707

Әйгілі Алтын адам табылған «Есік» қорғаны қорық-музей болып құрылып, елімізде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге лицензия алған алғашқы орталықтардың бірі. Осы қорық-музейде тұрған әйгілі Алтын адамды Қазақстанға туристер тарту мақсатында пайдалана білсек ұтарымыз көп екені анық.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл турасында бұрын да айтқан. Алтын адамның әлем елдерін аралайтыны жайлы, бұл турасында бірқатар елдермен, әлемдік әйгілі музейлермен келісім-шарттар жасалып жатқаны жайлы да айтылған. Демек, әлі күнге құпиясын толық аша қоймаған қорықтың жұмбағын шешу күн өткен сайын маңызын асыра түспек. Бұл тұрғыда қорық-музейге қарасты көне қалашықтарды зерттеп қана қоймай, әр қайсысын жеке-жеке туристік орталыққа айналдыру алдағы атқарылар негізгі шаруалардың бірі. Осы мақсатта мәдениет және спорт министрі бастаған топ «Есік» қорығын аралап қайтты.

Сапар Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты көне Талхиз қалашығынан басталды. Былтыр ғана жаңа салынбақ жолдың астында қалып кете жаздаған, сүріліп кетудің сәл алдында қалған қалашықты зерттеу әзірге тоқтап тұр. Министрдің айтуынша, қазір жергілікті әкімшілікпен келісе отырып, Талхизды «Есік» қорық-музейінің қарамағына өткізу жұмыстары қарастырылып жатыр. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының тізіміне енген қалашықты зерттеу, қорғау және пайдалану мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде: «Бірінші кезекте жер-кадастрлік мәселелерді шешіп алу керек. Сондай-ақ, тарихи-мәдени нысандардың туристерге қолжетімділігін, инфрақұрылымы мен коммуникацияларын жақсарту жөнінде мәселе қаралуда. Мұнда туристерге сапалы қызмет көрсететін визит-орталықтар салу қажет», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Арнайы топ бұдан кейін Есік қаласынан оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде орналасқан Рахат қалашығына барды. Рахат – Сақ патшаларының резиденциясы болған, Алтын адамды соңғы сапарға осы жерден шығарған деген болжамдар бар. Рахат қалашығын Шанси провинциясының археологиялық институтымен (ҚХР) біріге отырып зерттеудің алғашқы кезеңі аяқталды. Зерттеу нәтижесінде, ерте темір дәуірімен орта ғасырларға дейінгі кезеңдерге жататын артефактілер табылған.

Топырағын түртіп қалсаң тарихы сөйлеп ала жөнелетін өңір өзін зерттей түссең берері көп екенін сенсациялық Алтын адамымен-ақ дәлелдеген. Әйгілі қазақ археологы Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың құрметіне ұйымдастырылған «Нұрмұханбетов экскавейшнс» экспедициясы екі айдың (мамыр-маусым) ішінде Өрікті обасынан б.э.д. IV-III ғасырларжан қалған сүйектер мен үш алтын моншақ, бір темір түйреуіш тапқан. Араны соншама уақыт бөліп жатқанын есепке алсақ, бұл – аса қымбат мұра есептеледі.

Сол сияқты, Өрікті обасында, «Есік» қорық-музейіне қарасты Өрнек ауылдық аумағында Оңтүстік Корея, ҚХР және отандық археологиялық экспедициялар зерттеу-қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қытайлық мамандармен бірлескен зерттеу жобасы алдағы 5 жыл бойы жалғасатын болады. «Есік» қорық-музейінің археологтары мен кореялық бес бірдей институт атсалысқан жұмыстар да жемісін берді. Өрнек ауылы маңында былтырғы жылы сақ дәуіріндегі әйелдің жерленуі мен керамикалық ыдыстар және алтын бұйымдардың бөлшектерімен танысудың сәті түскен. Кәрістермен бірлескен жұмыс та жалғасын табады. Министрдің айтуынша, зерттеу жұмыстарының екінші кезеңі енді басталады. Бұл жолы Рахат қалашығында қазба жұмыстары жүргізілетін болады.