Желқайықпен жарысты

2082

Кербұлақ ауданы, Көксу шатқалында мемлекеттік қызметкерлер арасында «KOKSU WATER FEST – 2017» атты  рафтингтен сайыс өтті. Жарысқа 15 команда, 100-ге жуық спортшы қатысты.

Шара облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шынтаевтың алғы сөзімен бастау алды. Ол:

– Осымен үшінші мәрте жалауын желбіретіп отырған дәстүрлі доданың мақсаты, қатысушыларға жер жаннаты Жетісудың тамылжыған табиғатын көрсетіп, өңіріміздегі туризмді дамыту, экстремалды спорт түрін насихаттау. Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан су туризм фестиваліне келген жандар нағыз туристер. Сіздер сайыс­тан керемет әсер алып қайтады деген сенімдемін, – дей келе қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осыдан кейін төрешілер жарыс­тың қалай өтетінін айтып, қауіпсіздік ережесімен таныстырды. Дода екі кезең бойынша өрбіді. Алғашқы турда мемлекеттік қызметкерлер Көксу өзенінің арнасымен 15 шақырым қашықтықты жүзіп өтсе, екінші кезеңде тау бедеріне шығып, туристік көпсайыс бойынша бақ сынасты. Желқайыққа отырып ағыны қатты Көксу өзенінің арнасымен жүзіп, тосыннан туған түрлі қауіп-қатерді бағындыруға әркімнің ерік-жігері жете бермесі анық. Әйтсе де ешқайсысы қаймыққан жоқ.

Өзеннің арнасымен жүзген қайықты ағыс кенет бұрқырамаға тастап жібергенде теңіздің толқынына түсіп кеткендей боласың. Аударылсаң арқыраған ағынмен арпалысып, қайыққа қайта шығуың керек. Бір қуантарлығы, үстіміздегі арнайы киімдер суға батырмайтыны және бас киімнің ауыр жарақаттардан құтқаратыны. Дода қызыққа толы болды. Әр ойыншы бойындағы қорқынышын жеңіп, жүлделі орындардан көрінуге тырысты.

Екінші кезең де тартысты өтті. Тау биігінен арқанмен сырғанай түсіп, түрлі өткелдерден өту жылдамдықты талап етеді. Осыған орай жартасты жағалай шыққан жандар барынша ерте келу үшін аянып қалмады.

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені облыс әкімінің аппаратынан келген команда иеленсе, 2-орынды «БАҚ» өкілдері қанжығасына байлады. 3-орын «ТАТЭК» командасына бұйырды.

Жыл сайын ұйымдастырылатын шара биыл да жоғары деңгейде өтті. Жиналған жұрт сайысты ұйым­дастырушыларға алғыс жаудырып, тамылжыған әсем табиғат аясында жарыстар жиі өткізіліп тұрса екен деген ниетпен тарқасты.