«Нұрлы жол»: 195 шақырымдық су жүйесі іске қосылады

1386

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елді мекендерге ауыз су жүйелерін тартуға былтыр Алматы облысына 3 млрд-тан астам теңге бөлінген.

Ол 9 жобаны қаржыландыруға жетеді. Яғни Жетісу өңірінің 263 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады. Қазір бұл қаражаттың жартысынан көбі игерілді.

Жоспарланған 9 жоба өңірдегі 5 елді мекен мен 3 қалаға қатысты. Ондағы нысандарда 240-қа жуық жұмысшы мен маман еңбек етуде. Жұртшылықтың көптен күткен бір нысаны Кербұлақ ауданында жасалып жатыр.

Тұрғындар енді 74 метр тереңдіктен шығатын сапалы суды пайдаланатын болады. Бүгінде құбырдың негізгі бөліктері түгел тартылып, жеке үйлер мен мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандарға да жеткізілді.

Асқар Кенженов, Алматы облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім жетекшісі:

-«Нұрлы жол» бағдарламасының шарапаты тиіп жатқан елді мекендер көп. Бөлінген қаражаттың 2 млрд теңгеден астамы игерілді. Облыста қолға алынған 9 жобаға сәйкес 195 шақырымдық су жүйесі тартылуға тиіс. Қазір оның 60%-дан астамы дайын болды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы мұндай жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Бүгінде тізімге кіретін ауылдар мен нысандар сарапталуда.