«100 жаңа есім» жобасы талқыланды

2116

Талдықорғанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған республикалық семинар өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және т.б. қатысты.

«Бүгінде әр өңірдегі қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобаларға ҚХА-ның қатысу жоспары әзірленген. Ол 593 іс-шараны қамтиды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жалпыұлттық «жол картасы» болады. Бұл құжаттардың барлығы да өңірлік ассамблеялар хатшылықтарының, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің тұрақты бақылауында болады. Мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына арнайы тоқтағым келеді, оның маңызы зор. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл жобаның Ассамблеяға тікелей қатысы бар. Қоғамға халықтың ХХІ ғасырдағы бет-бейнесін адамгершілік тұрғыдан айқындайтын беделді тұлғалар керек» деді өз сөзінде Дархан Мыңбай.

Этно-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық келісім мекемелерінің қызметкерлері қатысқан жиында «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары талқыланды. Сондай-ақ қатысушыларға ассамблеяның діни экстремизмге қарсы медиативті рөлін күшейту, қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін кеңейтуге бағытталған ғылыми-әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетілді. Жиында «Медиация – жаңа ой-сананы қалыптастыру тәсілі», «Заманауи бизнес модельдеу» атты тренингтер де ұйымдастырылды.

Жиын барысында ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Нұрбек Шаяхметов, «Новые решения» білім қорының жетекшісі Вячеслав Ким, ҚХА мүшесі, Астана қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі, Рухани жаңғыру бойынша ұлттық комиссияның мүшесі, кәсіби медиатор Шерзод Пулатов, ҚХА мүшесі, Жезқазған қаласы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, меценат Бекзат Алтынбеков, Адамды кешенді дамыту академиясының жетекшісі, бизнес-тренер Вячеслав Попов дәріс оқыды.