Жаңа оқу жылына – жаңарған мектептер

2344

Алматы облысында 23 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Сол сияқты денсаулық сақтау мен мәдениет нысандары да назардан тыс қалған жоқ. Әрбір нысандағы жұмыстардың қандай сатыда екендігі бүгін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың селекторлық режимде өткізген жиынында айтылды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарованың айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық облыстағы барлық білім беру ұйымдарында толыққанды жүріп жатыр. Күрделі жөндеу 18 мектеп, 1 колледж бен 4 балабақшада жүргізілуде. Жұмыс кестесінен кешігу Панфилов, Талғар, Іле, Ұйғыр аудандарындағы 4 нысанда орын алып отыр. Дегенмен ол нысандарда құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтауға күш салынуда.

Жиын барысында оқулықтармен қамту мәселесі талқыланды. Қазіргі кезде баспалардың қоймаларынан оқулықтар жеткізу жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыс 25 тамызда аяқталады. Облыс әкімінің орынбасары жеткізу процесін жылдамдатуды тапсырды.

Колледждерді дамыту мәселесіне де көп көңіл бөлінді. Биылғы жылы облыстың бірқатар колледждеріне өңірдегі еңбек нарығының сұранысына сәйкес іріктелген жаңа мамандықтар енгізіліп отырғанын атап өту керек. Мамандар жуық арада іске қосылатын Ақсу қант зауытына, темір жолға және газдандыру жүргізуге қажет. Мамандардың айтуынша, жаңа мамандықтар абитуриенттер арасында сұранысқа ие болып отыр, сондықтан қабылдау жалғасуда.

Мәдениет нысандарының жөндеу жұмыстары туралы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев баяндады. Хабарлама жасаушының айтуынша, 5 нысанда, яғни 4 мәдениет үйі мен 1 мұрағат ғимаратында күрделі жөндеу жүргізілуде. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес, проблемалық мәселелер жоқ.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімінің орынбасары Ж. Омар оқу процесі тиісті жағдайда басталуы керектігін, сондықтан мердігерлер жұмысты мерзімінде аяқтауы үшін проблемалық нысандары бар аудандардың жауаптылығы мен белсенділігі екі есе болуы керектігін ескертті.

– Білім беру нысандарының жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселесі облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Барлық қажетті қаржы бөлінді, жұмысқа қажетті жағдайлар жасалған. Сондықтан күрделі жөндеу жасалып жатқан мектептер 1 қыркүйек күні оқушыларды қабылдауға дайын болуы үшін барлық күш-жігер жұмсаулы тиіс. Салынып жатқан және жөндеу жүргізілген білім нысандарының мерзімінде пайдалануға берілуін, сонымен қатар мектеп оқулықтарымен дер кезінде қамту ісін күнделікті бақылауда ұстаңыздар, – деді Ж.Омар.