Тау басындағы тілшілер мерекесі

2334

Өзге мамандық иелерінің кәсіби мерекесінде аяғынан тік тұрып қызмет ететін, сол мереке иелері туралы түрлі мақала, теле-радиохабар ұйым­дастырып жүретін журналистер қауымына биыл ерекше құрмет көрсетілді. Әкімдік қызметкерлері, басқарма басшылары мен өнер адамдары ақпарат майданының жауынгерлеріне әдемі кеш сыйлады. Биылғы мерекедегі жаңашылдықтың көлдей көңілді бір аспандатқаны рас. Шалқар шабыт сыйлаған шара тұңғыш рет тұмса табиғат аясында, «Тау Жетісу» демалыс аймағында өтті. Тілшілер қауымын арнайы құттықтауға облыс әкімі   Амандық БАТАЛОВ келді.

Мерекелік кеште Амандық Ғаббасұлы бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталды.

– Құрметті журналистер!       Газет, теледидар, ғаламтор кеңістігі – уақыт айнасы. Ол арқылы күн сайын тың деректер алып, мемлекетіміздің дамуын, облысымыз­дың тыныс-тіршілігін қадағалап отырамыз. Облыстағы, әр аудан, қаладағы жаңа бастамалар, жарқын істер немесе тосын оқиғалар тілшілер қауымының назарынан тыс қалған емес. Төртінші билік өкілдеріне деген құрмет ерекше. Таяуда ғана бой көтерген облыстық Журналистер үйі –  соның айқын көрінісі. Бұл – сіздерге деген қамқорлық. Шегенделген шекарамызда орналасқан «Қорғас–Шығыс қақпасының» ашылуын, іске қосылуын және де қалаға газ құбыры тартылғандығын халықтан бірінші болып сүйінші сұрап, бұқараны ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған сіздердің еңбектеріңіз жана берсін. Облыстың гүлденіп, дамуына бір кісідей атсалысып, алдыға қойған міндет-мақсаттарға бірге жете берейік, – деді облыс басшысы.

Осы жиында кәсібилігі, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудағы белсенділігі үшін бірқатар журналист марапатқа ие болды. Мәселен, облыстық «Жетісу» газетінің беттеуші-дизайнері, әріптесіміз Сақып Төкеева ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Еңбекшіқазақ аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжановқа Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» құрмет белгісі берілді. Сонымен қатар, төрт тілші  ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алды.

Саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған Нұртілеу Иманғалиұлы журналистер атынан сөз алып, жетісулық қаламгерлерді төл мерекемен құттықтап, көрсетілген құрмет пен қолдау шараларына ризашылығын білдіріп, арқалағаны алтын тілшілер қауымының тынымсыз әрі жауапты қызметтеріне толағай табыс тіледі.

Облыстың көзі һәм құлағына айналған ата басылым «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерін дәл сол күні «Өлке тынысы» ЖШС да арнайы құттықтады. Облыстық «Жетісу» газетін тізгіндеген тіл жанашыры Әміре Әрін мен «Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары Забира Сайдильдинаны Республикалық қоғамдық марапаттар жөніндегі кеңес алқасы ұсынған «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісімен марапаттап, бірқатар тілшіге Алғыс хат, диплом ұсынды. «Жетісу» газетінде ұзақ жыл бойы абыройлы қызмет атқарып, бүгінде еңбек демалысына шыққан Панфилов ауданындағы меншікті тілші Мыр­зағали Нұрсейіттің иығына шапан жауып, Құрмет грамотасын тапсырды.
Табиғат аясында ұйымдастырылған салтанатты кеш облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздарының концертімен жалғас­ты.