Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Қайта жаңғырған тарих

Жаңалықтар

Қайта жаңғырған тарих

Алматы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы іссапармен Алакөл ауданына барды.  Ауданда ілгерінді іс көп.  Алакөлдіктер Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру»  атты мақаласының  «Туған жер»  бағдарламасы   аясында тарихи орындарды қорғау,  халқының қамқоршысы болған азаматтарға құрмет көрсету бойынша  ұшан-теңіз шаруа атқаруда.

Есім төре

Есім төренің кесенесін жаңартуға арналған жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар  халқының қамын ойлаған   қалаулы тұлғаға тағзым еткен  ел ағаларына, меценат Бауыржан Оспановқа ризашылық білдірді.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлы құжатындағы тапсырмаларды орындауға атсалысқан алакөлдіктердің игі ісіне  сәттілік тіледі.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі  Әлібек Жақанбаев Жыланды ауылдық округінің Шынжылы  ауылындағы  бір көшеге  Есім төренің  аты берілгендігін қуанышпен жеткізді.
Журналистерге  сұхбат берген Бауыржан Оспанов: «Ауданда  ата-бабаларымызды тарихта қалдыруға, бүгінгі ұрпаққа дұрыс тәрбие беру үшін көптеген шара жасап жатырмыз. Қазақ зиялыларының құрметіне үлкен мешіт тұрғызылуда. Қабанбай ауылында спорт мектебін салдық.  Мұхаметжан Тынышпаевтың кітаптары жинақталуда.  Тәуелсіздіктің ұлы мұраты жолында  халқына адал қызмет еткен  көңілі дарқан, пейілі кең  Есім төренің кесенесі  отқа төзімді кірпішпен жаңартылды»,– деді меценат.  Кесененің салтанатты ашылуынан кейін көпшілік Есім төренің тұмасынан  су ішуге тау баурайына қарай ағылды.  Бұл күні саф ауасы мен тұнық бұлағы  сарайыңды ашар  Шөткі тауындағы  тарихи тұлғаға зиярат етушілер легі  толастамады.

Арыстармен танысты

Түстен кейін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы Жыланды орта мектебі лицейінің жұмысымен танысуға оқу орнына ат басын бұрды.  Барлығы 120 балаға арналған білім шаңырағында биыл 90 бала оқыған. Жақсылық Мұқашұлы кітап қорымен танысты.
– Балаларға энциклопедия, тарихи кітаптардан гөрі санасына жеңіл  заманауи кітаптарды көптеп алғандарыңыз жөн. Бүгінде дауыспен ағылшын тілін оқытатын кітаптар шықты, соны алыңыздар, – деді ол.  Сондай-ақ, мектеп басшыларына мұғалімдерді білім жетілдіру курстарына  жиі жіберіп  тұруды тапсырды.  Биыл тесттен балалар орташа 76,8 балл жинапты. Бұл орайда, оқу орны білім сапасын көтеруге жұмыс істеуі керектігі міндеттелді.  Әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысуға арналған сапар тарихи-өлкетану музейін көрумен жалғасты.  Музей Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығы тойында ашылған. Бүгінде онда 994 жәдігер бар. Мұнда Мұхамеджан Тынышпаев,  Әнуәр Әлімжанов және  «Славян мәдениеті» бұрыштары бар.
Келесі нысан – орталық аурухана.  Кезінде аудан орталығының орталық ауруханасы болған мекеме жақсы сақталған. Бір әттеген-айы емдеу мекемесіне халық аз келеді. Аурухананың жартысы бос тұр. Оның себебін мекеменің бас дәрігері  Бақыт Жүнқұраева салалық  мамандардың жетіспеушілігімен түсіндірді.  Жалпы аталмыш емдеу орнында 10 дәрігер жетіспейді.  Жақсылық Мұқашұлы: «Маман табу – бас дәрігердің міндеті. Шақырыңдар, келтіріңдер. Әлеуметтік жағдайын шешуге аудан басшыларына шығып, көмек сұраңдар», – деді.
Мұнда әйелдер дәрігері  жоқ. Сондықтан босанатын келіншектер аудан орталығына кетуге мәжбүр. Жақсылық Омар  мекеме директоры Бақыт Қарбозқызына екі аптаның ішінде орын алған кемшіліктердің себебін, оның  шешу жолдарын көрсетіп, қатынас қағаз әкелу туралы тапсырма жүктеді. Жалпы облыста барлығы 107 салалық дәрігер жетіспейді.  Облыс басшылары мәселені жыл соңына дейін шешу жолдарын қарастыруда.

Ұлт тарихын жырлады

 Қабанбай ауылында Қаракерей Қабанбай батырдың 325 жылдығына арналған  ақындар айтысы өтті.  Айтысқа 8 ақын қатысты.  Ақындар Қабанбай батырдың ел қорғаудағы ерлігі, Есім төренің халқына жасаған қамқорлығы жайлы жырлады.
Жандарбек ақын Есім төре   әрбір зекет бергенде  тек жылқыдан 700 тұяқ таратқаны жайлы деректі зерлі сөзбен жеткізді.  От ауызды, орақ тілді ақындар Алашорданың 100 жылдығы, Қабанбай батырдың  325 жылдығына сауын айтты.

Аламан

 Лепсі тауының бөктерінде бәйге өтті. Бәйгеде тай жарыс, топ бәйге, құнан бәйге, құнан жорға ойындары ұйымдастырылды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген сәйгүліктер  құйрық-жалдары төгіліп, сұлулығымен тамсантты. Омыртқасы шығыңқы, кеуде жағы кең, жуан сіңірлі, тұяғы төңкерілген кеседей, шоқтығы томардай сәйгүліктер  мәреге жиналғанда  көрермен орнында отыра алмай өре түрегеліп, сұлулыққа қол соғып, қошемет білдірді. Әркім қай аттың  жақсы жаратылғаны жайында өзінше пікір айтып жатты.
Жарыс қазақтың қанын қыздырып, жан дүниесіне серпіліс сыйлады.  Жеңімпаздарды ақшалай сыйлықтар мен көліктер күтіп тұрды.  «Кіл жүйрік те кім жүйрік?» демекші, бәйге соңында жеңімпаздар анықталды. Тай жарыста 1-орынды Саят Сатыбалдиновтың аты иеленді. Топ бәйге сайысында 1-орынды Арманғали Мирасов алды. Құнан бәйгеде Қанат Абдрахмановтың  сәйгүлігі бірінші келді. Жорға жарыста Рустем Жисембеков, құнан жорғада Асылбек Сейіталинов, аламан бәйгеде Оспанов Кеңесбек ақсақалдың аты бірінші келді. Жеңімпаздар Бауыржан Оспанов тіккен жүлделерді қанжығалап, қайтты.
Бөлісу:
Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Жаңалықтар айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары