Талдықорғанда бес үздік әлеуметтік жоба иегерлері анықталды

1663

Алматы облыс аумағындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған «Азаматтық қоғам және мемлекеттік:диалог, ынтымақтастық, жауапкершілік» аттыауқымды форум өткізілді. Аталмыш форумда үкіметтік емес ұйымдардың ерікті және міндетті есептері, Жергілікті қауымдастықтардың дамуы деген атпен өткізілген тренингке 70-тен аса адам қатысты. Оларға Алматы қаласы мен облыс орталығының тәжірибелі тренерлері мен жетекші мамандары сабақ берді. ҮЕҰ арналған форумның негізгі мақсаты ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасуды ұлғайту және олардың одан әрі бәсекелестікке деген қабілеттіліктерін арттыру.Облыстағы ҮЕҰ, әсіресе, халықты әлеуметтік қорғау салаларында, білім беру мен спорт, жастар саясаты мен балалардың құқығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың құқығын қорғау салаларында белсенді жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 394 қоғамдық ұйымдар әртүрлі бағытта өз қызметтерін атқаруда. Азаматтық секторды құру мақсатында заңнамалық механизмдер арқылы 250 млн тг қаражат бөлініп, 154 әлеуметтік жобалар қазіргі кезде іске асырылуда.

«Алматы облысы үкіметтік емес ұйымдарға ерекше қолдау көрсететінін өздеріңізде білесіздер. Ең қуантарлығы облысымызда 400-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген оның тең жартысы ауылдық аймақтардан. Бүгінгі күні 154 жоба қолға алынып отыр. Оның дені жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесу, ерекше күтімді талап ететін мүгедек жандардың жағдайын жасау, еліміздің болашағы балаларды қорғау, жастарды қолдау, мәдениет және спорт салаларын өркендету болады»,- деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы.

Сонымен қатар, әкім орынбасары облыстағы Азаматтық альянсы 5 үздік әлеуметтік жобаларды анықтау мақсатында жарияланған байқау жеңімпаздарын марапаттады.

Алматы облысы 2017 жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекет тарапынан бөлінетін премияларға көп ұсыныс беру бойынша 2018 жылдың қорытындысына сәйкес Астана қаласынан кейінгі ІІ- орында тұр. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының жаңа орынбасары Бақытжан Нарымбетов толықтырып айтып өтті.

– Биылғы Астана қаласында өтетін азаматтық форум өзгеше форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап өтер болсақ, ол ауылды елді мекендердегі үкіметтік емес ұйымдардың форумы бөлек өтеді және ҮЕҰ тығыз қарым- қатынас орнату, тұрақтылықты күшейту бойынша үш негізгі механизм енгізілді. Біріншісі: премия, мемлекет тарапынан бөлінген гранттар, екіншісі: ҮЕҰ халық аралық деңгейдегі донорлармен тәжірибе алмасу, үшіншісі: қоғамдық кеңестер институты. Азаматтық форумға тек үкіметтік емес ұйымдардан бөлек саяси партиялар, БАҚ өкілдері, жаңа технологиялардың авторлары және бүгінгі форумда сайланған 15 делегат қатыспақ,- деп қорытындылады.

Сондай-ақ, мемлекеттің үштілділік саясатын қолдау мақсатында ҮЕҰ өкілдеріне интенсивті ағылшын тілі курстары ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде курс қатысушыларының ішіндегі бір ұйым орталық мамандарының қолдауымен ағылшын тілінде жоба жазып, Америка құрама штаттарының Қазақстандағы елшілігінің грантына ие болды.

– Екі күнге жалғасқан форум өте үлкен дәрежеде өтуде. Форумда жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың даму деңгейін, оларды мемлекеттің қолдау дәрежесін көріп қуанып отырмын. Болашақта мемлекеттің атқаратын біраз жұмыстары ҮЕҰ-ның және бизнесмендердің қолына толықтай өткені дұрыс деп есептеймін. Өйткені, билік халықты толықтай қанағаттандыра аламайды. Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз десек, ҮЕҰ-ны және халық үшін жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерді қолдауды арттырмаса, кемітпеуі қажет,-дейді Қазақстан Республикасының азаматтық Альянсының вице-президенті Мусағали Дуамбеков.

Пленарлық сессиядан соң өңірімізден 8-ші республикалық азаматтық форумына баратын делегаттар тізбесі жарияланды. Форум қонақтарына арналған концерттік бағдарлама қойылып, арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Қорытындылай келе,2018 жылдың 9 айында 600-ге жуық кеңестер беріліп, 100 астам түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Жоспар бойынша форумның жалғасы алдағы желтоқсанда елордада өткізілмек.