Қуаныштың көз жасы – Жақсы Ақпараттар Сайты
Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Қуаныштың көз жасы

Жаңалықтар

Қуаныштың көз жасы

Қуаныштың көз жасы

Жаны жомарт, жүрегі жылы жандарсыз қоғам да ізгілік атаулыдан алшақтар ма еді, қайтер еді? Қуанарлығы, айналасына шуағын шашып, тарыққанға қол ұшын берер азаматтар ортамызда баршылық. Оған Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы қайырымдылық шарасы тағы бір көзімізді жеткізген.

Мұны тіпті қатардағы қайырымдылыққа жатқызуға бола қоймас. Себебі, өз қаражатына 17 үй тұрғызып, оларды әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары мен мүгедектерге тегін сыйлау нағыз меценаттың қолынан келсе керек. Міне, «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында елімізге танымал тұғырлы әулеттің жарқын өкілі, өнер мен мәдениет саласына барынша қолдау көрсетіп жүрген Болат Назарбаев ауылдастарына осындай тамаша тарту жасады.

Биылғы жылдың көктемінде басталған құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілгені бірден байқалады. Бір ғана жазда бой көтеріп, сәнді сап түзеген ақ шаңқан үйлер ішінің еуропалық үлгіде әрленуімен ғана емес, сыртының көркемдігімен, аула ішінің көгалдандырылуымен, жүретін жолдарға тас  төселіп, талғамға сай қоршалуымен де ерекшеленіп тұр. Электр жарығы мен көгілдір отыны жеткізілген, ауызсу мен кәріз жүйесі жасалынған құтты қоныс көңіліңді шуаққа бөлейді. Деректерге сүйенсек, бұл жобадағы үйлерді салуға 124 млн. 465 мың теңге, газ құбырларын тартуға  10 млн. 500 мың теңге,  электр жарығын жеткізуге  2 млн. 900 мың теңге, сыйымдылығы 50 текше метр су мұнарасын тұрғызуға 15 млн. 345 мың, ал су  құбырларын жүргізуге 7 млн. теңге жұмсалған көрінеді.  Жалпы аумағы 120 шаршы метр болатын тұрғын үйлердің ас бөлмесі жиһаздармен қамтамасыз етілген. Бір сөзбен айтқанда, қоныстойын тойла да, өмір сүре бер!

Осы үйлердің кілтін табыс етуге арналған салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келіп қатысып, қуанышқа жиналған қауымға ақжарма тілегін арнады.

– Құрметті достар, қадірлі Болат Әбішұлы!  Мен осы жерге жобаны жүзеге асырған азаматтарға алғысымды жеткізу үшін арнайы келіп отырмын. Қазір біздің елімізде, Қазақстанда, соның ішінде Алматы облысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  бағдарламаларына сай  үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Күні кеше ғана шымылдығын жапқан «ЭКСПО – 2017» көрмесі кезінде  қаншама Мемлекет басшылары, Үкімет жетекшілері бізге келіп, таңданыстарын жасырмай айтты. Бүгінде олар өз елдеріне барып, «Қазақтардан үйрену керек екен!» – дегенін естіп жатырмыз, – деп «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына тоқталып өтті. Тек биыл ғана облысымызда 35 мектеп салынып, оның 22-і пайдалануға берілгенін тілге тиек етіп,  Ресей Федерациясында 76 мектептің салынғаны туралы желі мәліметімен салыстыра қарап, мақтанышпен жеткізді.

– «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар  жетерлік. Талдықорған қаласы мен Алматының төңірегінде жаңа шағын аудандар, тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Осының бәрі мемлекетіміздің әлеуеті артқанын, халықтың тұрмысы жақсарғанын аңғартпайды ма?! Экономикамызды түзеп алғаннан ке- йін Елбасы халықтың рухани жаңғыруы мәселесін көтеріп отыр. «Туған жерге туыңды тік» деген бағдарлама да осыдан келіп туындайды. Облысымызда осы бағытта 90 жоба қолға алынған. Үлкен меценат Болат Әбішұлы өзі бастама көтеріп,  жер алып, 20 үй салуда. Оның 17-нің құрылысы аяқталып,  тағдыр тауқыметін тартып жүрген отбасыларына тегін берілмекші. Мұндай шаруаға бару үшін алдымен кең жүрек пен жан жылуы қажет-ау. Отанын, елін сүйген, халқының тағдырына бейжай қарамайтын азамат қана осындай ізгі іске  бара алады. Мұндай істер ешқашан ұмытылмайды. Өздеріңіз Қызылағашта болған табиғи апатты ұмыта қоймаған шығарсыздар. Қаншама адам қайғы құшып, баспанасыз қалған кезде Болат Әбішұлы өзі келіп,  қиын жағдайға душар болған жандарға өз қаражатына  20 үй салып берген болатын. Онымен қоса сол үйлерге жиһаз қойып, мал-мүлкіне дейін көмектескеніне өзім куәмін. Сондықтан, баршаларыңыздың атыңыздан Болат Әбішұлына алғыс айтқым келеді. Отбасында әрқашан жақсылық пен қуаныш, өз басы аман болуын тілеймін. Жасаған жақсылықтарыңыз құдайдан қайтсын. Елімізде тыныштық, аспанымыз ашық болсын, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Осыдан кейін  Болат Әбішұлы салтанатты жағдайда тұрмысы төмен отбасылары мен мүгедек жандарға жаңа үйдің кілтін табыс етті.

– Мен екі жанарымнан да айырылған бірінші топтағы мүгедекпін, – дейді бірінші болып жаңа қоныстың кілтін алған Шыңғыс Мұстафаев оңаша шыққанда. – Ішкі толқынысымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Жұма күні Болат Назарбаев сізге үй сыйлайды деп хабарлағанда мүлдем сене алмадым. Мұндай болуы мүмкін деп ойламаппын. Несіне жасырайын, осыған дейін отбасыммен пәтер жалдап тұратынмын. Енді, міне, өзімнің жеке үйім бар. Мен үшін түстей болған арманды ақиқатқа айналдырған Болат Әбішұлына айтар алғысым шексіз.  Өзге азаматтар Болат ағайымнан үлгі алып, қол ұшын созар болса, біз сияқты баспанаға мұқтаж адамдардың қатары әлдеқайда азаяр еді.

Шыңғыстың жанында тұрған жары екі баласын қолынан ұстаған күйі көз жасына ерік беріпті. Қуанышқа келген жұртшылық  бұл қуаныштың көз жасы екенін қапысыз ұғып, ізгі тілектерін жеткізіп жатыр. Міне, жуырда ғана  «Қазақстан» телеарнасында Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай»  бағдарламасына қатысып, өз жағдайын баяндаған  алты баланың анасы Ділбарам Құттыбай да шаттығын жасыра алмай, көпшілікпен бөлісуде: «Мен әлі Шымкент қаласында тұрып жатырмын, – дейді ол. – Баспананың тауқыметін тартып жүргеніме талай жыл болып еді. Енді Болат Әбіш-        ұлының арқасында балаларым өз үйлерінде өсетін болды. Ризалығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алғысым шексіз!».

Аудан өнерпаздары да қуанышқа өз сыйлықтарын арнап келген екен. Олар күздің шуаққа сараң осы бір күнін әсем әнмен әспеттеп, көңіл қошын келтіріп жіберген. Сахна төріне шыққан танымал айтыс ақыны Мұхаметжан Тазабеков  жиналған жұртшылықты қуаныштарымен құттықтаса, ауданның құрметті ақсақалы Мырзабек Шымшықов ақ батасын берді. Осыдан кейін Амандық Ғаббасұлы мен Болат Әбішұлы бастаған қауым жаңа үйлерге бас сұғып, құрылыс жұмысының сапасымен танысты. «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» дегендей, әдемі етіп әрленіп,  барлық инженерлік коммуникациялары жасалған құтты шаңырақ тіршілік етуге дайын екенін аңғартады. Амандық Ғаббасұлы өз кезегінде  облыс әкімдігі атынан қоныс иелеріне теледидар сыйлап, қуаныштарын еселей түскен.  Салтанатты шараға жиналған жұртшылық болса: «Болат Әбіш-    ұлы атқарған игі шара өзгелерге де жұғысты болғай!» –  деген тілекпен тарқасты.

Бөлісу:

Жақсы Ақпараттар Сайты

Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Жаңалықтар айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары