Құқық бұзудың қажеті қанша?

1232

Қақтығыс пен қатыгездікке толы заманда әлемнің барлық мемлекеті бұл мәселенің шешімін іздеп, күресудің амал-әдісін іздеп жатыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бейбіт күнннің ұланы болғанын аңсайтынымыз рас. 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталды. Ендеше, жастар арасындағы құқықбұзушылықты азайтуға бағытталған шаралар бұрынғыдан бетер белсенді жүргізілуі тиіс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылды жастар жылы деп атаса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылдың еріктілерге арналатынын тілге тиек етті. Демек, жастардың салмақ үлесі басым бола түседі деген сөз. Мемлекет саясатының маңызды бөлігі ретінде өскелең ұрпаққа қамқорлық жиі айтылады. Азаматтық қоғам құруда да жастардың рөлі үлкен. Сондықтан осы кезеңде тәртіп бұзбайтын, адам құқығын аяққа таптамайтын толқынның қажеті ерекше сезіледі.

Жақында «Орталық Азия БҰҰ халықаралық моделі» атты халықаралық конференция елімізде екінші мәрте өткен болатын. Іс-шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Қытай, Үндістан, Қырғызстан, Ресей, Пәкістан, Ауғанстан және Өзбекстан сынды елдердің белсенді жастары қатысты. Бас тақырып – геосаяси қақтығыстарды шешу, халықаралық диалог орнату. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған жастар заманды бейбіт күйде ұстап тұру жайлы кеңесіп, жан-жақта талқылады. Демек, құқықбұзушылық мәселесі біздің ғана емес, бүкіл әлемнің өзекті мәселесі екенін осыдан байқасақ болады.

БҰҰ-ның – моделі сұхбат алаңы ғана емес, халықаралық жастар қозғалысы іспеттес. Айтары бар, ой-өрісі кең замандастар жиналып, әлемді әдемі ете түсу туралы талқылайды. Әлемді әдемі ететін не? Әрине, татулық, тыныштық, бейбітшілік. «Талапты жастар билікке ұмтылуы тиіс. Жаһандық мәселелерді қозғайтын бұл алаң елдер арасындағы байланысты нығайта түседі. Мұндағы отырыстарда мектептер мен жалпы адамға қарсы шабуылдар, жойылып бара жатқан тілдер мәселесі, ғарыш кеңістігіндегі қарудың таралуы сияқты түрлі проблемалар айтылады. Оның шешімдерін бірге іздеуге ұмтылады» дейді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рақымжанов.

Расында, соңғы жылдары елімізде қылмыс көбейді. БАҚ беттерінде күн сайын жантүршігерлік жаңалықтар жарияланып жатыр. Атап айтқанда, жастар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың басым көпшілігі – ұрлық пен төбелес. Соңғысының салдарынан келесі бір азаматтың денсаулығына зиян келетіні анық. Әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыс жағдайына байланысты балалар мен жасөспірімдердің көбінің хал-ахуалы онша емес. Баласын асырау үшін күн-түн демей жұмыс істейтін ата-ананың бақылауға уақыты қалмайды, соның салдарынан құқық бұзатын бала да сол үйден шығады. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы жылдары әсіресе кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзу фактілері көптеп тіркелген.

Бұл мәселені шеу үшін мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға келсек, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту алдыңғы орында тұр. Яғни жұмыспен қамтылған, сапалы білім алған жасты ертеңінен күтілер үміт те көп. Жүгенсіздікті жөнге салатын әдіс-тәсілдер әлі де болсын қажет-ақ. Бір жағынан құқық бұзумен күрес кезінде әлеуметтік белсенділіктің азайғаны да байқалады. Әр облыстардағы жастармен жұмыс белсендірек жүргізулі тиіс. Бұған бәлкім құқыққорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік статусының әлсіреуі де әсер еткен болса керек. Сонымен қатар техникалық жабдықталуы да көңіл көншітпейтін жағдайда.

Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 5 жыл ішінде жастар арасындағы қылмыс саны (14-29 жас аралығы) 5 пайызға азайған. Еліміздің жоғары оқу орындарындағы және студенттер жатақханасындағы тәртіпті қамтамасыз ету барысында полицияға жәрдемдесетін 196 студенттік жасақ қызмет атқарады. Олар биыл 180 қылмысты әшкерелеп, 5,4 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзу жайттарын анықтады. 2017 жылы 15-17 жас мөлшеріндегі жастардың суицид көрсеткіші 36,6 пайызға, өз-өзіне қол салу әрекеті 43,4 пайызға азайғаны байқалған.

Жапонияда профилактикалық бағыттағы әртүрлі қоғамдық қозғалыстардың тармақталған  желілері  жұмыс істейді. Олардың ішінде ең белгілісі – Қылмысты ескерту ассоциациясы. Барлық жерлерде полицияның мектептермен және өнеркәсіп корпорацияларымен байланысы жөніндегі комитеттер жұмыс істейді. Осындай алдын алу шараларының нәтижесінде Жапонияда «түрмеде отырғандар» көрсеткіші 100 – тұрғынға 50 тұтқыннан. Бұл әлемдегі ең төмен көрсеткіш екені белгілі.

Тағы бір атап өтетін жай, жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шеңберінде мектеп және жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалардың маңызы қызығушылық тудырып отыр.

Сонымен бірге, Батыс Еуропаның барлық оқу орындарында, бастауыш мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін, полицейлердің қатысуымен қолданбалы виктимология бойынша дәрістер өткізіледі. Оның нәтижесі бойынша ниет білдірушілер өзін-өзі қорғау тәсілдерін игеру және экстремалдық жағдайларда оңтайлы мінез-құлық дағдыларын үйрену мақсатында арнайы тренингтерден өтуге мүмкіндік алады. Осындай бағдарламалар түрлі  санаттағы оқушылардың әлеуметке қарсы мінез-құлқының тәуекел факторлары санын төмендетуге бағытталған. Бұл бағдарламаларда, ең бастысы, оқушылар, ата-аналар мен  жергілікті  органдар арасында өзара тығыз байланысты орнату. Сонымен қатар онда оқу орны қабырғасында оқушылардың теріс мінез-құлқын барынша төмендету және оқу қызметіне назар аудару көзделеді. Осы сынды шараларды бізде де қабылдаған жөн. Нәтижесінде адамды құндылық деп санайтын сана қалыптасады. Теріс қылықтардан ада жастың қалыптасуы алдымен жанұяда басталып, білім ордаларында жалғасады. Осындай маңызды кезеңдерде мүлт кетпеуіміз тиіс.