Қазақстандық делегация «БРИКС және ШЫҰ елдерінің студенттік көктемі» фестиваліне қатысты

1539

Қазақстандық делегация «БРИКС және ШЫҰ елдерінің студенттік көктемі» ІІІ Халықаралық фестиваліне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 4-9 маусым аралығында Ставрополь қаласында UNESCO аясында «БРИКС және ШЫҰ елдерінің Студенттік көктемі»                                ІІІ Халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Фестиваль аясында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға жауапты министрлердің және ведомстволар басшыларының кездесуі өтті. Оған Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар  және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет қатысты.

Кездесу барысында басшылар елдегі жастармен жұмыс жасаудың жаңа форматтары, одан әрі ынтымақтастық идеялары бойынша пікір алмасты, сондай-ақ жастардың тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі үлесін талқылады. Мадияр Қожахмет өз сөзінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында жастар ұйымдарының ынтымақтастығы туралы айтып, сондай-ақ қатысушыларды Жастар жылы аясында Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысымен таныстырды.

Бұдан басқа, Мадияр Қожахмет ШЫҰ және БРИКС-қа мүше елдердің жастар іс-шараларының халықаралық күнтізбесін түзу туралы бастаманы ұсынды. Бастама барлық елдер тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Фестивальдің салтанатты ашылуы БРИКС және ШЫҰ елдері жастар ұжымдары мен ұйымдарының және 2,5 мыңнан астам адамның қатысуымен өтті.

Қазақстан атынан делегация құрамына жастар ұйымдарының көшбасшылары мен жас белсенділер кірді, олар жас көшбасшылар форумы, жас журналистер форумы, ШЫҰ және БРИКС елдерінің білім беру форумы сияқты алаңдарда жұмыс істейді. Сонымен қатар, фестиваль аясында «Студенттік патшайымы» Халықаралық Грация және артистік шеберлік байқауын өткізу жоспарланып отыр. Оған Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Перизат Ерболат қатысады. Айта кетейік, жастар саясаты саласындағы ШЫҰ-мен өзара іс-қимыл ШЫҰ Жастар кеңесі аясында жүзеге асырылуда. ШЫҰ жастар кеңесінде ҚР Ұлттық бөлімінің өкілдері Қазақстан жастар конгресі мен «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» жастар қанаты болып табылады.

https://www.inform.kz/kz