Жастар қалай баспанаға қол жеткізе алады?

1667

 «Жастар жылы» аясында мемлекет жастардың баспана мәселесін шешуге басымдық беріп отыр.  

2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Демек, жыл бойы ел жастарына ерекше көңіл бөлінеді, барынша қолдау көрсетіледі. Бұл ретте, ел Үкіметі жастардың басты проблемасын – баспана мәселесін қалай шешпек? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Жастар азайып барады

Ең алдымен мына мәселеге назар аударған дұрыс. Елімізде жастардың үлесі азайып барады. Статистика солай «сөйлейді». BRIF Research Group командасының ауқымды зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда қалыптасып отырған макро трендтердің бірі – 15-29 жас аралығындағы жастар санының азаюы.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, 2010 жылы Қазақстан жастарының саны 4,5 млн адамнан асып түскен. Әзірше бұл жастар саны бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш. 2016 жылы өскелең ұрпақтың саны 4,2 млн адамды құраған. Яғни, 2010 жылмен салыстырғанда шамамен 300 мың адамға азайған.

Зерттеушілердің байламынша, бұған екі фактор әсер еткен. Біріншісі – өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарындағы демографиялық жағдайдың нашарлығы. Дәлірек айтсақ, 90-ыншы жылдары елдегі туу көрсеткіші тым төмен болған. Екінші фактор – дәл қазіргі сәтте Қазақстандағы көші-қонның қарқын алуы. Яғни, соңғы жылдары шетелді бетке алған жастардың саны күрт өскен.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстандағы жастар санының азаю тенденциясы 2020 жылдың орта шеніне дейін жалғаспақ. Болжамға сәйкес, 2021 жылы 15-29 жас аралығындағы жастардың саны 3,8-4 млн адамды құрамақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің деректерінен қазірдің өзінде Қазақстанда 3,8 млн жас барын аңғаруға болады. Олардың 2,2 миллионы – қалада, ал 1,6 миллионы ауылда тұрады.

Үкімет жастар арасындағы ажырасу, елден көшіп кету секілді мәселелердің алдың алу үшін баспана проблемасына ерекше көңіл бөліп, оларға барынша қолдау көрсету үшін тиісті іс-шараларды қолға алып жатыр.

«Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» қайда кетті?

Естеріңізде болса, 2012-2017 жылдары елімізде жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынды. 29 жасқа толмаған, заңды некеде тұрғанына 2 жыл болған отбасылық жұптар бастапқы жарнасыз арендалық баспанаға ие болып келді. Арендалық баспана сатып алу құқығымен берілді. Соңғы рет 2017 жылы «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша Өскемен қаласында пәтер үлестірілген. Дәл сол жылы аталған бағдарлама жұмысын да тоқтатты.

Сол кездегі Инвестициялар және даму министрлігі (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) жас отбасыларға сатып алу құқығымен берілетін арендалық баспаналар салу тоқтатылғанын ресми түрде хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алдағы 15 жылда 1,5 млн отбасыны баспанамен қамту көзделген. Осыны ескере отырып, тұрғын үй саясатына өзгерістер енгізілді. Яғни, тұрғын үйлерді салынғаннан кейін сатуға басымдық беріледі. Бұл қадам баспана алуға қажетті қаражатты жинауға және жаңа шаршы метрлерді салуға мүмкіндік береді. Ал арендалық үйлерді сатып алу құқығымен беру тәжірибесі қаржыландырудың тиімсіз тетіктерін көрсетті. Арендалық төлемдер аз ғана траншпен және ұзақ уақыт бойы қайтарылады. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысының өсімін тежейді», – делінген Инвестициялар және даму министрлігінің хабарламасында.

Бұдан шығатын қисын – көп үй салу үшін көбірек сату керек. Ал үйді ұзақ мерзімге сатып алу құқығымен беру – тиімсіз.

«7-20-25»

2018 жылдың жазында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша үйді тек бастапқы нарықтан алу керек. Сондай-ақ ипотека кредиттік тарихы «бұзылмаған», әлеуметтік тұрғыдан қорғалған, төлем қабілеттілігі жоғары адамдарға ғана беріледі.

Алайда, бастапқы кезде бағдарламаға қатысты өтініштер көп түсе бастады. Осыдан кейін «Баспана» ипотекалық ұйымы бюджеттік сала қызметкерлері мен жас отбасыларға қатысты қаржылық жүктемені төмендетіп, «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдерін ұсынды. Аталған өнімдер Шымкент және Ақтөбе қалаларында пилоттық режимде іске қосылды.

Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау салаларының, полиция қызметінің өкілдеріне баспана алуға арналған арнайы сертификаттар беріле бастады.

«Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековтың айтуынша, сертификатты әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде немесе ұзақ мерзімді пайызсыз несие ретінде алуға болады. Пайызсыз займдарды әкімдік немесе оған бағынышты құрылым үлестіреді. Сол себепті аталған іс-шара әр өңірде әртүрлі жүруі мүмкін. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша осы жылы білім, денсаулық сақтау салаларының, полиция қызметінің өкілдеріне 1 млн теңгелік 2 мың сертификат беру жоспарланған.

Өкінішке қарай, мұндай сертификаттар жас отбасыларға қарастырылмаған. Көңілге медеу болары – аталған игілікті білім, денсаулық сақтау салаларындағы, полиция қызметіндегі жас мамандар да пайдалана алады.

«Жилстрой» «Алматы жастарын» ұсынды

Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2017 жылы «Алматы жастары» деген бағдарламаны ұсынды. Алматылық жастарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасына сол жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген болатын.

Бағдарлама аясында 35 жасқа дейінгі алматылықтар баспана алу үшін жеңілдетілген займға ие болады. 10 млн теңгеге дейінгі кредиттер жылдық жеңілдетілген 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Кредитті қайтару мерзімі әрбір қатысушының төлем қабілеттілігіне байланысты 3 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімді құрайды.

Бұл ретте, баласы бар алматылық жастарға бағдарлама аясында тағы да басқа жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бірінші балаға 10 балл, ал одан кейінгі балаларға 20 балдан есептеледі. Сондай-ақ бағдарлама туралы хабарлама шыққан уақытта некелескендеріне бір жылға жетер-жетпес уақыт болған жас отбасыларға 30 балл қойылады. Мұның бәрі баспана рәсімдеу кезінде қатысушыларға белгілі бір дәрежеде басымдық береді.

ЦентрКредит Банк жас отбасыларды қолдайды

Жалпы, жас отбасыларға, жастарға баспана алуға қажетті өнім ұсынатын коммерциялық банктер өте сирек. Десе де, ЦентрКредит Банкі жас отбасыларға арнап ипотекалық құрал ұсынды. Аталған банк стандартты ипотекалық өнім де береді. Осы орайда, жастарға арналған ипотеканың стандартты өнімнен басты артықшылығы мерзімінде екенін атап өткен жөн. Себебі, жастарға арналған ипотеканың мерзімі 20 жылға дейін ұзартылған. Ал алғашқы жарна көлемі баспана құнының 30 пайызынан кем болмауы керек.

ЦентрКредит Банк ұсынған «Жас отбасы» бағдарламасының негізгі басымдығының бірі – өтініштің жылдам қарастырылуында. Өтініш 3 күннің ішінде қарастырылады. Сонымен қатар, баспананы Қазақстанның кез келген қаласынан алуға мүмкіндік бар. Бастысы жұбайлардың жасы 35 жастан асып кетпеуі керек.

Ипотканың пайыздық мөлшерлемесі – 16,5 пайыз. Ал жалақыны ЦентрКредит Банкінен алатындар үшін 16 пайыз болып бекітілген. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 17,4 пайыз. Жұбайлардың бірі гарант бола алады. Болмаса, гарант ретінде басқа да тұлғаларды қарастыруға мүмкіндік бар.

1 мың арендалық пәтермен қамтылады

«Жастар жылы» аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмысшы жастары 1 мың арендалық пәтермен қамтылады. Бұл бағытқа жыл сайын 7,2 млрд теңгеден, ал үш жылда 21,6 млрд теңге бөлінетін болды. Арендалық пәтерлер осы жылдың 1 тамызынан бастап беріле бастайды.

«Ең алдымен жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тиіспіз. Яғни оларды баспанамен, жұмыспен қамтуымыз керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен республикалық маңыздағы үш ірі қаланың жұмысшы жастарын баспанамен қамту үшін арендалық пәтерлер берілетін болды. Бұл – пилоттық жоба. Бүгінде процесс басталды. Осы жылдың 1 тамызынан бастап арендалық пәтерлер үлестіріле бастайды. Пилоттық жоба ойдағыдай іске асса, тұтас республиканы қамтитын болады», – деген болатын Мәжіліс қабырғасында өткен жиында экс-депутат Бақтияр Мәкен.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың сөзінше, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмысшы жастарына арендалық пәтерлер беру 2019, 2020 және 2021 жылдарды қамтиды. Бағдарламаға қатысушылардың жасы 30-дан аспауы керек. Сондай-ақ алдағы уақытта жас мөлшеріне қатысты шектеу 35 жасқа дейін ұзартылуы мүмкін.

Осылайша, 2021 жылға дейін ел астанасында 1 050 арендалық пәтер, Алматыда 900 арендалық пәтер және Шымкентте 900 арендалық пәтер салынады.

Сонымен қатар, жастарды баспанамен қамту мәселесіне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпорындар мен әлеуетті жұмыс берушілерді тарту да жоспарланған. Бұл орайда, кәсіпорынды жастарды баспанамен қамтуға ынталандыру тетіктері қарастырылатын болады.

Баспаналы болу үшін ақшаны қалай жинау керек?

Сөз соңында жастарға қаржыгер, экономистер жиі айтатын мына бір кеңесті айта кеткен жөн болар. Баспаналы болу үшін ақшаны қалай жинау керек? Бұл сұрақ осы күні жастардың барлығын дерлік толғандырады. Мамандардың пікірінше, баспана алуға қажетті ақшаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдам жинауға болады. Аталған банк арқылы бірнеше жылда қаржы жинап, жеңілдетілген несие алып, пәтерге қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Дәлірек айтсақ, үш жыл ішінде пәтер құнының 50 пайызын жинау қажет. Ал егер пәтерді қайталама нарықтан алуды көздесеңіз, 20 пайызын жинау керек. Бұл ретте Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Өз үйім» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын ұсынып отыр. Қажетті қаржыға жылдам қол жеткізу үшін ақшаны екі бірдей салымшы (ері мен әйелі) қатар жинаған жөн. Яғни, банктің «Отбасылық пакет» өнімін тиімді пайдаланған абзал.

Пәтер жалдай жүріп, жеке баспана үшін қаржы жинау өте қиын. Сондықтан мамандар жастар үшін тиімді жол ретінде үш жылдай ата-анасымен бірге тұруды ұсынады. Бұл қадамның нәтижесінде діттеген мақсатқа ертерек қол жеткізуге болады.

Мүмкіндік мол

Түйіндей келе айтарымыз, елімізде жастардың баспаналы болатын мүмкіндігі мол. Тек, мемлекеттік бағдарламаларға, экономика, қаржы, жылжымайтын мүлік салаларына қатысты жаңалықтарға құлақ түре жүрсеңіз жеткілікті. Өмірде тегін ештеңе жоқ. Ендеше, баспаналы болуға ұмтылайық!