Панфилов ауданында маңызды жобалар іске асырылуда

2200

Сапалы ауыз сумен қамту, жол жөндеу жəне басқа да əлеуметтік нысандар облыс əкімі Амандық Баталовтың Панфилов ауданына барған сапарындағы назар аударған негізгі мəселелерінің қатарында болды,- деп хабарлайды Алматы облысының баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, облыс басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан аудандағы сумен қамту жүйелерін жаңғырту жəне құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыс Пенжім, Лесновка, Ақжазық, Алмалы ауылдарында жүргізілуде. Осы жобалардың аясында электр жүйелерінің құрылысы мен трансформаторлық подстанциясын орнату жұмыстары қатар жүріп жатыр.

Облыс əкімі «Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас» автожолындағы көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Жобаның сметалық құны 328,2 млн. теңгені құрайды. Көпірдің ұзындығы 61,78 м, ал жол екі жолақты болмақ. «ҚазАвтожол» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Б.Дадамұрзаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталады.

Сонымен қатар «Алматы-Шонжы-Көктал-Қорғас» автожолының 323-328 шақырымындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысы жайында баяндаған облыстық жолаушы көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е. Жасыбаевтың мəліметі бойынша, мердігер компания «ДСУ-13» АҚ, жобаның жалпы құны 753,5 млн. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау мерзімі келер жылдың күзіне белгіленген. Облыс əкімі жолды жасап қана қоймай жол жиегін көркейту жұмыстарын да қатар жүргізу қажеттігін ескертті. Жаркенттің басты көшесі – Жібек жолы даңғылында жарық шамдарын ауыстыру, жол маңын абаттандыру, билбордтарды жаңалау, жол жиегін ретке келтіруге баса назар аударуды тапсырды.

Жаркент орталық базарының маңын аралап көрген облыс басшысы А. Баталов тротуарға тақала салына бастаған құрылыс жұмыстарын тоқтатуды талап етті. Тиісті құрылымдар құрылыс нормасына бағынбай, заңнамаларды бұза отырып жүргізіліп жатқан құрылысқа жол бергендігі үшін қатаң сынға алынды. Сауда орталығын салуды бастаған кəсіпкер нысанды жаяу жүргінші жолымен жапсарласа салғанымен қоса, жол шетінде өсіп тұрған үлкен ағаштарды кесіп, тамырын күйдіріп тастаған. Қоршаған ортаға келтірген залалы үшін де кəсіпкерге əкімшілік жаза қолдануды тапсырған əкім аудандық сəулет, құрылыс бөлімдерінің бұл орайдағы ісіне көңілі толмайтынын айтты.

Облыс басшысы А.Баталов сапар барысында əлеуметтік сала нысандарына да көңіл бөлді. Жаркент қаласында 300 орынды Х.Хамраев атындағы жалпы білім беретін мектеп салынуда. Бұрынғы 1936 жылы салынған ескі мектептің орнына тұрғызылған бұл мектеп биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін болады. Ал Панфилов аудандық орталық ауруханасында да қазір 171,9 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимаратты аралап көрген облыс басшысы аурухана жанындағы емхананың да жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылатынын  айтты.

Ауданда жүн өңдеу ісімен шұғылданып отырған «Ақсұңқар-2030» ЖШС-ның іргесін кеңейтуге мүмкіндігі бар. Серіктестік туралы мəлімет алған облыс əкімі өңірде ұсақ мал басы көп болғанымен, оның жүнін тазалап, өңдейтін кəсіпорындардың тапшы екенін атап өтті. Сондықтан мұндай нысандарды кеңейтіп, Алакөл секілді шалғай аудандарда қабылдау пукттерін де ашып қойса, мал өсірушіге де, серіктестікке де тиімді болатынын тілге тиек етті. Серіктестікке «Жетісу» ƏКК арқылы қолдау шараларын қарастыру қажеттігін тиісті мамандарға тапсырды.

Жұмыс сапарының қорытындысында Жаркент гуманитарлық техникалық колледжінде аудан активімен кездесу өткізілді.

Жиында аудан əкімі Бердəулет Абдулдаев ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлама жасап, қолға алып жатқан жобалар туралы айтып берді. Мəселен, ауданда биыл 45 кəсіпорын іске қосылмақ. Ауыл шаруашылығында бүгінге дейін 4 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 31 шаруашылық жұмыс істейді. Жұмыспен қамту орталығында 800 адам тіркелсе, соның 30,2% -і тұрақты жұмысқа орналастырып, 40%-і қоғамдық жұмысқа тартылды. Жалпы 420 жаңа жұмыс орны құрылды.

Басқосу барысында аудан тұрғындары тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, ұсыныс айтылды. Олардың қатарында тыңайтқыш беру, субсидия, аграрлық несие алу, көшелерді жөндеу, Крупская атындағы мектепке күрделі жөндеу қажеттігі, мектеп аумағына тиесілі жерлерді мектеп иелігіне қайтарып беру жəне басқа да мəселелер бар. Сауалдардың барлығына облыс əкімі тарапынан тыңғылықты жауап алған тұрғындар кездесудің нəтижелі болатынына сенім білдірді. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы А. Баталов:

– Алматы облысының əлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық маңызы бар өңірдің бірі – Панфилов ауданы. Осы ауданның аумағында Мемлекет басшысының бастамасымен ірі теңдесіз жоба – «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы жүзеге асырылды. Оның ауданның дамуында жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын атап өту керек. Маңызы айрықша Құрғақ порт та осы аудан аумағында бой көтерді. Сондықтан қазір бұл шекаралық аймақтың болашағы зор. Тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасап, жүгеріге арнап қырман салдық, жолдар жөнделіп жатыр, бүгінгі айтылған мектептердің жайын қарастырып, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз. Бүгін жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысымен таныстым. Атқарылып жатқан жұмысқа көңілім толды. Дегенмен тиісті сала жетекшілері мен аудан басшылары ел арасына жиі шығып, халықпен етене жұмыс істесе, қай жердегі қандай нысан жөндеуге мұқтаж, халықтың білгісі келген сұрақтары қандай- соның бəрін біліп отырар еді. Сондықтан субсидия, несиелендіру, мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізуді тапсырамын,-деді А.Баталов.