«Bolashak books»: өзіңнен баста

3610

«Компьтердің алдында отырғандарды кейін кітап оқитындар басқарады»

                                                                                                                                             Н.Ә. Назарбаев

  Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласының негізінде «Болашақ» қауымдастығының бастамасымен Елордада «Bolashak books» жобасы қолға алынды. Бұл оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ойластырылған бірегей жоба. Жоба аясында Астанадағы  «Ханшатыр», «Керуен», «Сарыарқа» сынды   ойын-сауықтық, сауда  орталықтарына арнайы кітап  сөрелері орналастырылды.  Оқырмандардың бұл жерлерден  қалаған кітабын алып оқуына, немесе өзінің бір кітабына өзге бір кітапті айырбастауына мүмкіндігі бар.

  Мұндай жобалар «буккроссинг»  деген атаумен шетелде  кеңінен тараған. Италия, Франция, Германия сынды елдерден бастау алған іс 2000 жылдардың басында Мәскеуде жалғасын тапты.  Мұнда адамдар арнайы орындардан  кітапты  алып, оқып болған соң, келесі бір көпшілік жерде (саябақ, аялдама, т.б.) қалдырады, ал екінші адам оны өзге оқырманға табыстайды.  Сондықтан да болар, бүгінгі таңда адамдар көбінесе  кітап сатып алмайтын болған.  Нәтижесінде, «буккроссинг»  кітап өндірісіне қажетті ағаштарды да  сақтауға септігін тигізеді.

Буккроссинг Қазақстанда

  Бүгінгі таңда «Bolashak books» кітап сөрелері Астана сауда орталықтарындағы адамдардың қызығушылығын  тудыруда.  Себебі, бос отырған адамдардың да тым құрығанда бір кітапты парақтап көретіндігі анық.

  Айта кетейік, жуық арада еліміздің өзге де қалаларының орталықтарында  арнайы кітап сөрелері орналастыру жоспарланған.  Бұл қазіргі техника дамыған заманда кітап оқуды дәріптеп, күйбең тіршіліктен босай қалғанда өзін рухани байытамын дегендерге үлкен мүмкіндік болғалы тұр. Ендеше асығыңыз.  Осы апта Елорданың барлық ойын-сауықтық орталықтарындағы «Bolashak books» сөрелері сізді күтеді.