«Алматы-Талдықорған» жолы қашан толық пайдалануға берілетіндігі белгілі болды

1850

Алматы-Талдықорған жолының қалған 2 шақырымға жуық бөлігіндегі жұмыстар күзде толық аяқталады. Бұл туралы халықпен есептік кездесуін өткізген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

Кездесу барысында тікелей эфир арқылы байланысқа шыққан Талдықорған қаласының тұрғыны министрден Алматы-Талдықорған жолының қашан толық аяқталатындығын сұраған болатын.

«Былтыр Алматы мен Талдықорғанның ортасындағы жолдағы жұмыстарды бітірдік. Қалған соңғы учаске – Балпық би ауылы. Біз осы ауылдың тұрғындарының ұсынысымен жобалық құжаттарды  өзгерттік.  Қалғаны 1,5-2 шақырым. Ол учаскедегі жұмыстар осы күзде бітеді деп жоспарлануда. Жалпы, Алматы мен Талдықорғанды қосатын жолдағы жұмыстар толығымен күзде бітеді», – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, Алматы облысында жол саласында көптеген жұмыстар атқарылатын болады.

«Осы жылы Талдықорғаннан Аягөз, Семейге, Қалбатауға Өскеменге баратын жолды бастаймыз және Алматыдан Жамбылға, ары қарай Балқаш, Қарағандыға баратын  жолдарды, оның ішінде Күртіден Бурылбайталға дейін жолды жаңғыртамыз. Алматы облысында мұнан бөлек басқа да көптеген жоба бар», – деді министр.