Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Құралай Түспекова: Мен ешқашан ақша сұрамаймын, тек жастарды қолдауға шақырамын

Жаңалықтар

Құралай Түспекова: Мен ешқашан ақша сұрамаймын, тек жастарды қолдауға шақырамын

Құралай Түспекова: Мен ешқашан ақша сұрамаймын, тек жастарды қолдауға шақырамын

Ұлттық дельфий комитетінің директоры, жоба жетекшісі Құралай Түспекова: 

“Мен ешқашан ақша сұрамаймын, тек жастарды қолдауға ұсыныс тастаймын”


– ТМД елдерінің ішінде Қазақстан «Дельфий ойындарын» үздіксіз өткізетін және «Парадельфий» идеясын ұсынған алғашқы мемлекет екен. Әр істі бастамас бұрын, бір ойдың түрткі болатыны анық. Осы идеяның туындауына себеп болған не?

– Гректер Дельфы атты қалаларында аталмыш ойынды алғаш рет 546 жылы өткізген. 2000-жылдары ойынның заманауи үлгісі Ресейде өтті. Одан кейін Халықаралық дельфий комитеті құрылып, біз мүшелікке кірдік. Сол тұста шығармашылық ұжымды Білім және ғылым министрлігі және жастар саясаты департаменті қолдаған болатын. 2004 жылы Қазақстан құрамасы Брянск каласына барып, жарысқа қатысты. 2009 жылы елімізде Дельфий комитеті құрылып, жүйелі жұмыс басталды. Ал, парадельфий ойындарын өткізу идеясы 2014 жылы келді. Мен және әріптестерім ойластыра келе, дельфий ойындарын өткізу барысында xореография және ім-ишарат тілінде ән айту номиациясын есту қабілеті төмен балапандар арасында өткізуді жоспарладық. Зерттеу жұмыстарын жүргізіп керекті екі аталымды қосуды ұйғардық. Екі номинация бойынша мамандар іздеп, 2016 жылы бірінші парадельфий ойындарын өткіздік. Ол дельфий ойындарының ішінде бірге өтетін шара. Халықаралық дельфий комитеті ойынымызға қатысып, нәтиже жақсы болғандықтан Ресейде өткізді. Қазіргі таңда аталмыш сайысты Ресей мен Қазақстан ғана өткізеді. Біздің мақсатымыз – әр сатыдағы балаларға шектеу қоймай, қоғамдық ортаға бейімдеу. Үш бағыт бойынша жұмыс жасаймыз. Дарынды жастарды іздеу, оларды дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау білдіру. Сондай-ақ, дельфий өнер мектебін дамыту. Бүгінде Қазақстанның әр түкпірінен талантты жастардың видеолары келеді. Біз оларды іздеп, танысып, әрі қарай шығармашылық бағытта оқытуға атсалысамыз. Өйткені, оларда талант бар болғанымен теориялық білім жоқ.
– Сонда биыл 10 жылдықтарыңызды тойлайды екенсіздер ғой?
– Иә, биыл бізге 10 жыл толады. Соның аясында халықаралық конференция мен жылдың аяғында үлкен іс- шара өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. 14-ші Ұлттық Дельфий ойындары өтеді. Бұрын қатысқан жеңімпаздарды шақырамыз. ТМД елдерінің арасында дельфий ойындарында белсенділік таныту жағынан біз екінші орындамыз. 1- Ресей, 2- Қазақстан, 3- Оңтүстік Африка, одан кейін Италия және Армения. Біз жыл сайын осы биіктікті бермейміз. Сонымен қатар, осыдан 3 жыл бұрыңғы сауалнаманың қорытындысы бойынша жастар саясатындағы ең танымал шығармашылық жоба ретінде танылдық.
– Ұлттық дельфий комитетіне 10 жыл толыпты. Байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бірақ, сіздер өткізген шаралар туралы ақпараттар неліктен аз деңгейде?
– Бүгінде әртүрлі шараларды өткізіп, ұйымдастырушылары оны жариялауға асық. Біз халықпен тығыз байланыста жұмыс істейміз, бірақ оны өздеріне тікелей ақпарат етіп жеткізуге әуес емеспіз. Ұлттық дельфий комитеті жылына бір рет шара өткізеді деген де пікір бар. Негізі олай емес. Біз жыл бойы Қазақстанның әр аудан, ауылдарындағы талантты жастармен байланысып, олардың білімдерін жетілдіру мақсатында шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, армандары орындалу үшін жұмыс істейміз. Шыны керек, оның барлығы қаржыға келіп те тіркеледі. Біз ақпараттандыру жұмыстарына жіберген қаржыға балалар үшін пайдалы жобалар ұйымдастыруға болады. Сайыстың 50-ден астам қазылар алқасы ҚР мәдениет қайраткерлерінен тұрады. Олар әр бағыт бойынша жұмыстарын істеп, бізден қаражат сұрамай керісінше балалар үшін көмектесуге әзір. Биылдан бастап, ақпараттандыру жұмыстарына назар аударудамыз. Оған дейін жұмыстың жүйесіне көп уақыт бөлдік.


– Қоғамда адамдардың құқықтары да құрметтері де тең. Бірақ, біз мүмкіндігі шектеулі жандар деп осы сөз арқылы алыстататын секілдіміз. Қалай ойлайсыз?
– Дұрыс айтасыз. Бұл үлкен мәселе. Сайыс барысында балалар өздерін жайсыз сезінбес үшін біз көмекшілер жалдаймыз. Мысалы сурдоаудармашыны және еріктілерді жалдап, алдын ала балалармен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіреміз. Біздің ұйымдастырушылық ұжым осы мәселені басты орынға қояды. Ол мықты деңгейде ән айтып, би билесе болды. Есту және көру қабілеттеріне қарай, бөлмейміз. Өйткені, олар өз істерінің үздіктері. Біз Болгарияға бишілерімізді үлкен сайысқа апарып, бас жүлдені иелендік. Сайыс қорытындысын шығарған соң қазылар алқасы балалардың есту қабілеттері төмен екенін біліп, түсініспеушілік танытты. Ал біз ондай мәселелерді ескеріп, бөліп жармаймыз. Өйткені, ортақ қоғамда өмір сүрудеміз.
– Еліміздің түкпір-түкпіріндегі аудан, ауылдардан қатысушылар көлемі қай деңгейде? Олар қаншалықты қамтылады?
– Еліміздің ауылдарынан, аудандарынан және қалаларынан іріктеліп облыс көлеміндегі сайыстардан оза шапқандары республикалыққа жолдама алады. Біздің «Астана жас толқыны» деген тағы бір жобамыз бар. «Ұлттық дельфий ойындарының сатыларынан өте алмаған немесе қатыса алмағандар осы жоба арқылы жетістікке жетуге мүмкіндік бар. Номинациялары да әртүрлі. Бұл сайыстың жеңімпаздары халықаралық жобаларға жолдама алса, кейбірі өзге сайыстарға қатыса алады.
– Аталымдары әртүрлі және саны жағынан көлемді екен. Шартына сәйкес, бір жылда барлық аталымдарды қамтисыздар ма әлде өзгеріп отырады ма?
– Барлығы 22 номинация бар. Бұл аталымдар бір сайыс барысында қамтылады. Ойындардың ашылу және жабылуына арналған гала концерттерді де арнайылап ұйымдастырамыз.
– Петропавлдың қатысушы жастарына ерекше бір ықыласпен қарайтын секілдісіз… Ол жақта аталмыш сайысты да жиі өткізуге асығатын көрінесіз. Не себеп?
– Еліміз бойынша қатысушылар саны көп өңір Петропавл болды. Балалар үшін шығармашылық орталар мен өнер мектептері көп. Сол себепті мен Петропавлға “Қазақстанның мәдени ортасы” деп теңеу бере аламын. Сонымен қатар, аймақтар бойынша әзірге соңғы дельфий ойындары сол облыста өтіп, 22 номинацияны қамтыды.
– Дельфий ойындарын қайсы аймақта өткізген жоқсыздар және жоспарлаудасыздар?
– Биыл Атырауда өткізуді жоспарлап отырмыз. Маңғыстаулықтарға ұсыныс берілді, бірақ жауабын әлі күтудеміз. Шығыс Қазақстан, Қостанай және Шымкент аймақтарында өткізген жоқпыз. Алдағы жоспарда бар.


– Жастар жылы аясында жобаларыңызға мемлекеттен қандай да бір қолдау бар ма?
– Мемлекеттік грантқа ие болу үшін ұсынамыз. Қазір жобалар саны көп әрі бағыттары да әртүрлі. Бірақ, біздің мақсатта жұмыс істейтін ұйым елімізде жоқ. Сол себепті бұл жобаны қатысушы балалардың болашағы үшін талқыға салмай қолдаған дұрыс. 2016 жылдан бастап, жастар саясаты департаменті Дельфий қозғалысын мемлекеттік қолдауын тоқтатты. Бірақ, біздің жоба тоқтамайды әрі нәтижесін түсірмеді. Мен ешқашан ақша сұрамаймын, тек жастарды қолдауға ұсыныс тастаймын. Бүгінде серіктестеріміз бар. Олар қаржылай қолдау білдірмесе де, сайыс барысында тегін шеберлік сабақтарын өткізеді, балалардың бағыттарына қатысты жиындарды ұйымдастырады. Жасыратыны жоқ, бүгінде шариктерді іліп қойып, алғыс хаттармен марапаттай беретін шаралардың саны көп. Олар бір реттік жиынымен шектелсе, біз ойындарды өткізіп, әрі қарай сол қатысушылардың өсуіне жұмыс жасаймыз.
– Сөзіңізден түйіндегенім, жастармен жұмыс істеу сіз үшін қызметтердің төресі екен. Бұл жұмысыңыздан басқа салаға кетуіңіз мүмкін бе?
– Осыдан 2-3 жыл бұрын мені шығармашылық ортаға жұмысқа шақырып, 4 ай көлемінде істедім. Айлығы да жақсы болды. Сол жұмысты жалғастыруға болар еді, бірақ «Дельфий ойындары» құлдырай бастады. Ойланбастан, осы қызметіме қайтып келдім және жақын арада жұмысымды ауыстырмаймын. Жалпы қызметке шақырып жатқандар өте көп. Мен дельфий ойындарын ұйымдастыруды жұмыс деп емес міндетім деп білемін.

Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Айдана Әлиарыстан

Бөлісу:
Әрі қарай оқу
Сізге ұнауы мүмкін...

Жақсы Ақпараттар Сайты

Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Жаңалықтар айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары