Жолдастық кездесу өткізілді

2017

Жазғы спорттық маусымның басталуына орай Талдықорғандағы жағажай волейболы алаңында волейболдан жолдастық кездесу өткізілді. Кездесу барысында командалардың біріне жетекшілік еткен облыс әкімі А. Баталовпен бірге Асқар Шалқыбеков, Дмитрий Зверев, Талғат Өмірбеков, Виктор Уманцов, Талғат Жақсылықов сынды спорт шеберлері, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер мен жастар да ойын алаңынан табылды. Жарыс салауатты өмір салтына үндеу, спортты насихаттау мақсатында өткізілді.

Спорттық ойынның бел ортасынан табылған облыс әкімі А. Баталов волейболдан спорт шебері, бүгінгі күнге дейін спорттың осы түрімен белсенді айналысып келеді. Алматы қаласы мен Алматы облысының Волейбол федерациясының президенті. Облыста А. Баталовтың жетекшілігімен бұқаралық спорттың дамуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барынша жағдай жасалуда.

Мәселен, аталмыш жолдастық кездесу өткізілген арнайы волейбол алаңы «Жастар» Спорт сарайының жанынан осыдан 4 жыл бұрын салынған. Бұл кешен барлық халықаралық стандарттарға сай, әрі еліміздегі жағажай волеболының үздік базаларының қатарында саналады.

Жалпы, облыста бұқаралық спорт дамып келеді. Өңірде 936 волейбол секциясы жұмыс істесе, онда 82 800 спортшы жаттығуда. 2016-2017 жылғы ойын маусымының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының XXV чемпионатында волейболдан «Жетісу» әйелдер командасы мен Ұлттық лиганың 23 жасқа дейінгі жастар командаларының арасында «Жетісу-2» фарм клуб командасы қола жүлдеге ие болса, «Жетісу жастары» командасы «Жоғарғы Лига – Б» ерлер командалары арасында чемпион атанды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 4-ші Жастар спорттық ойындарында облыстың жасөспірімдері мен жастар командалары I орынды иеленді.