Ескелді ауданына жаңа әкім таныстырылды

1858

Ескелді ауданында бүгін аудандық мәслихаттың XV кезектен тыс сессиясы өтті. Жиын барысында облыс әкімі Амандық Баталов депутаттардың қарауына аудан әкімі лауазымына Б.Тәнекеновтың кандитурасын тағайындау туралы ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс депутаттардың бір ауыздан қолдауына ие болды.

Облыс әкімі Амандық Баталов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, осыған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Жұбаныш Ноғайбековке жемісті еңбек еткені үшін алғысын білдіріп, ауданның ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктерін, оның ішінде қант қызылшасы саласының дамуын атап өтті.

Өз тарапынан Бағлан Тәнекенов өңір басшысының көрсеткен үлкен сеніміне алғысын білдіріп, өзіне артылған міндеттерді жауапкершілікпен орындайтындығын жеткізді.

ТАҒАЙЫНДАУ

Алматы облысы әкімінің өкімімен Бағлан Сағындықұлы Тәнекенов Ескелді ауданының әкімі болып тағайындалды.

Тәнекенов Бағлан Сағындықұлы

1962 жылы дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1983 жылы Маңғышлақ облыстық атқару комитетінің экономисі болып бастаған. Әр жылдарда Талдықорған облыстық Кеңесі атқару комитетінің экономисі, партияның аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы, «Еңбекші» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі директорының орынбасары, «Қызылағаш» ААҚ атқарушы директоры, «Шаған» ЖШС-нің, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, басшысы лауазымдарын атқарған.

2015 жылдың мамыр айынан Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасының басшысы.

Хроника

Алматы облысы әкімінің өкімімен Жұбаныш Жұмаханұлы Ноғайбеков басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ескелді ауданының әкімі лауазымынан босатылды.