Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

“Кәсіп бастау үшін-ең бастысы талап пен ниет дұрыс болуы керек…” Жас кәсіпкер Жолдыбай Наховпен сұхбат

Жаңалықтар

“Кәсіп бастау үшін-ең бастысы талап пен ниет дұрыс болуы керек…” Жас кәсіпкер Жолдыбай Наховпен сұхбат

“Кәсіп бастау үшін-ең бастысы талап пен ниет дұрыс болуы керек…” Жас кәсіпкер Жолдыбай Наховпен сұхбат

Болар бала алысқа қарайды. Жас  та  болса, бас болып, жауапкершілікті  сезіне білу- жігіттік қасиет.  «Jas kasipker-2019» жобасының қатысушысы Жолдыбай Нахов кәсібін  дөңгелетіп  отырған  талапты  жігіт. Оқуы  мен бизнесін қатар  алып жүрген  кәсіпкер-студент болашақта балмұздақтар  желісін  қалыптастыруды жоспарлап отыр. 

-Жолдыбай, «Jolly Waffle» балмұздақтар  желісін  ашу туралы идея  қалай  келді? Кәсіпті  қалай  бастадыңыз?

–  Идея кәсіпті  бастамай тұрып,  5-6  ай бұрын  келді. Біздің  оңтүстікте  балмұздақтар  бизнесі өте  жақсы  дамыған. Маған «осы кәсіпті  жандандырып, жаңалықтар  қосып, бас қалада неге   жасамасқа?» деген  ой  келді. Сонымен біраз дайындалдық, тарихын зерттеп, қалай, қайда сатуға болады деп іздендік. Қала нарығын  зерттедік, қандай жаңалықтар  қосуға болатынын ойландық. Себебі, халыққа жаңалық  керек  қой. Барлығын жан-жақты  қарастырдық. Десе де, сол  уақытта  бастап кететіндей  қаржылық  жағынан  мүмкіндік  болмады. Өзім сол  кезде студенттік  жатақханада тұрамын. Сабақ  кестесінің  тығыздығынан  жұмыс істейтін  мүмкіндік  болмады. Сол үшін студенттерге  керек  заттарды жалға беріп,  сатып, емтихандарға дайындап, қосымша табыс көздерін  қарастыра бастадым.  Үш айдай түскен табыстарды жинап отырдым. Қаржының  басы құрала бастаған  соң , орын  іздедік. Осы жерде бірқатар  қиындықтар  кездесті. Құжаттарын  жасауға біраз уақыт кетті. Тендерларға қатысып  көрдік, олардан жолымыз болмады. Енді жалғыз үміт өзіміздің  қаражатымызда болды. Сол  жақ  жағалаудан  саябақтың  ішінен  жақсы  орын тауып, ашылдық. Өзім, екі  қарындасым үшеуміз істедік. Әрине,  ештеңе өзінен өзі болмайды, көптеген  қиындықтар  кездесе бастады. Дегенмен, алдын  ала дайындалып, үлкен иек  артып ашқаннан  кейін, барлығы  ойдағыдай  болып, жақсы  жүріп кетті.

– Қандай қиындықтар мен қызықтар  кездесті? Алда астаналықтарды қандай жаңалықтар  күтіп тұр?

– Ешқандай қолдаусыз, өзіміз ашқаннан  кейін қиындығы мен қызығы  көп болды. Жоқтан  бар  жасадық  десек болады. Өзіміздің  имиджіміз үшін  көрінетін жерлердің  барлығын жаңа заттармен  жасадық. Біртіндеп барлығын  қолмен жинадық.  Өзге қалалардың  тәжірибесінде балмұздақтар  кішкентай орындарда, дүңгіршектерде сатылады.  Бірақ бұл  Нұр-Сұлтан қаласының ауа-райына  дұрыс келмейтін  болды. Сол  үшін  клиенттерге  барынша қолайлы жағдай жасауды ойластырдық. Бізде  жаздың  өзінде  жаңбырлы күндер көп. Іздегеніміз алдымыздан  табыла  кетті. Өзіміз  ойлаған жерден үлкен жабық орын  таптық. Бір қызығы иесін  көрмей, келісім-шарт жасастық. Әлі  күнге дейін жалға берушіні  бір  көрмей, жақсы жұмыс істеп келе жатырмыз. Ашылғалы бері әлеуметтік желілерде конкурстар, арнайы акциялар  ұйымдастырып отырамыз. Тұрақты клиенттерімізге  «JOLLYMAN» куәлігін береміз. Ол куәлік арқылы жеңілдіктер, тегін балмұздақтар  беріледі. Жалпы, бұл  маусымдық бизнес болғаннан  кейін,  орын  ауыстыру керек болды. Жақында Нұр-Сұлтан  қаласындағы сауда үйлерінің біріне  ауысуды көздеп жатырмыз. Енді аяққа тұрып  келе  жатқан  кәсіп қой, болашақта үлкен  орталыққа айналамыз деген  ниетіміз бар.

-Медицина  мамандығын оқып жүріп,кәсіппен айналысу қиынға соқпады ма?

– Жоқ, екеуі екі бөлек дүние болғанымен екеуі де маған  жақын.  Кішкентай кезімнен  қызығып өстім, аз-маз тәжірибем де бар. Ең  бастысы, талап пен ниеттің дұрыс болуы  деп ойлаймын.

– Ұстанымыңыз қандай? Өзіңізді қалай дамытасыз?

– Не ойладың, нені  істегің келді – соны  істеу. Ең  бастысы-әрекет, жасап көру. Егер  ол дұрыс болса жақсы, ал бұрыс болса-сабақ. Есесіне, келесіде ол дүниеден қателеспейсің. Содан кейін,істеген  ісіңе жауап бере алауың керек. Өзімді  барынша жан-жақты дамытуға тырысамын.  Қаржылық  сауаттылықты  арттыратын кітаптар, курстар, танымдық видеоларды көп көремін. Жетістікке  жеткен  кісілердің, аяққа тұрған  кәсіптердің тарихымен  танысамын. Олардың  тәжірибесі өзің бір  істі  жасарда, бастарда қорқынышыңды жеңуге, қорықпай тәуекел жасауға көмектеседі.

-Болашақта  қандай жоспарларыңыз бар?

–  Мен карьера қуатын, не ақшаның  артынан кететін  адам  емеспін. Мен үшін ең бастысы-отбасы. Бірақ, ер азамат ретінде отбасының түгел  жауапкершілігі  менің мойнымда.  Әрі  мемлекетке, қоғамға қызмет  ету-азаматтық  борыш.  Адам бір орында  тұралап  қалып  қоймауы үшін, қосымша кәсіптері  де болуы керек.  Жоспарлар, идеялар  көп. Бұйыртса, олардың орындалуы, іске асуы – ертеңгі  күннің  еншісінде.Болашақта  «Jolly Waffle»  үлкен балмұздақтар  желісіне  айналады,  жаңа қызметтер қосылады, заманауи  технологиялар қолданылады деп жоспарлап отырмыз.

– Керемет!  Іске  сәт! Ашық  сұхбат  үшін алғысымызды білдіреміз.

 

Сұхбаттасқан: Сымбат  Еркінбек

 

Бөлісу:
Әрі қарай оқу
Сізге ұнауы мүмкін...

Жақсы Ақпараттар Сайты

Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Жаңалықтар айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары