Алматы облысының оқушылары ЭКСПО көрмесін қызықтайды

1163

«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі ел тарихындағы елеулі оқиға. Сондықтан оны көргісі келетіндердің қатары күн санап артып келеді. Осыған орай Еңбекшіқазақ ауданынан оқушылардың алғашқы легі сәрсенбінің сәтінде Астанаға жол тартты. Ауданның әр аумағынан жиналған 200-ге жуық мектеп оқушысын аудандық білім басқармасының өкілдері Есік қаласынан шығарып салды.

Оқушылардың жазғы демалысты қызықты әрі мазмұнды өткізгеніне не жетсін?! Аудандағы 605 оқушыға «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне билет алынып, олардың барып-келуі облыстық бюджет есебінен қамтамасыз етілетін болды. Оқушылар тобы төрт кезеңге бөлініп, үш  айдың ішінде кезек-кезек сапарға шықпақшы. Әр 20 оқушыға бір жетекші тағайындалды.

Көрмеге барушылардың қуанышында шек жоқ. Себебі, бұл олардың Астана қаласына бірінші сапары. Балалар  осы  жолы  көрме павильондарын асықпай аралап, ондағы жаңалықтармен жақыннан танысады. Әсіресе, отандық жетістіктерге ерекше назар салынатыны белгілі.

Көрмеде өздері секілді оқушылардың да ойлап тапқан жаңалықтарының тұруы мүмкін ғой. Оны көрген оқушылар мол әсерге бөленетіні анық. Күні ертең өз араларынан талантты өнертапқыштардың шықпасына кім кепіл. Қалай айтсақ та, бұл шараның балаларға беретін игілігі көп.