Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – жарқын болашықтың кепілі!

1626

 

Мемлекеттің маңызды міндеті – жастардың бойында жоғары патриоттық сананы, туған жеріне мақтаныш сезімін қалыптастыру. Отанды, ұлттық мүдделерді қорғау бойынша азаматтық борыш пен конституциялық міндеттерді орындауға дайындау, елдегі ынтымақтастық пен этносаралық, тұлғааралық өзара түсіністік сезімін қалыптастыру ең басты міндет десекте болады.

Қазақстан көпэтносты және конфессиялық қоғамдық құрылымы бар мемлекет. Сондықтан жастарды тәрбиелеуде патриотизмге, өз жеріне деген сүйіспеншілікке негізделген бірыңғай идеологияны құруға ұмтылады. Бұл бірізділікті, тұтастықты және бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауды талап ететін күрделі міндет.

Әскери-патриотизмді қалыптастыру мен нығайту барысында 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбие беруге арналған мемлекеттік бағдарлама жасалған болатын. Бұл бағдарламаның мақсаты – азаматтардың жоғары патриоттық санасын, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, патриоттық тәрбие жүйесін  дамыту арқылы ұлттық мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борыш пен конституциялық міндеттерді орындауға тәрбиелеу болды.

Бүгінгі таңда жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру міндеті өскелең ұрпаққа Қазақстанда жұмыс істейтін діни бірлестіктердің мәнін, мазмұнын және мақсатын анықтау екені айқын. Сонымен қатар, ұлттық идеологияны насихаттау, мәдениетті, тілді, салт-дәстүрді дамытуды ынталандыру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу. Қазақстан аумағында тұратын қазақ және басқа да этностардың тарихи санасы арқылы ұлттық патриотизмді қалыптастыру бүгінгі күннің басты шарасы. Мұндай идеология Қазақстанның саяси тәуелсіздігін нығайтып, қазақстандықтардың этносаяси және этномәдени қауымдастығын дамытады. Сонымен қатар, халықтың адамгершілік, физикалық және экологиялық сауығуы проблемаларын шешуге ықпал етеді. Мұндай тәрбие шовинизм, сепаратизм, ұлтшылдық, трайбализм және Ұлттық тұйықтылық мәселелеріне қарсы белсенді әрекет етеді. Мемлекеттік идеологияның қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларында сауықтырушы рухани күш ретіндегі әсері де өте маңызды.

Ұлттық бірлік ұғымы қазіргі түсінік бойынша топтастырылған этникалық, діни және басқа да әлеуметтік-мәдени топтардың қауымдастығын құруды көздейді. Нәтижесінде ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Қазақстандық жастардың әскери-патриоттық санасын қалыптастыру үшін елдегі экономикалық жетістіктері, экономикалық және әлеуметтік даму, сондай-ақ ұлттық міндеттерін шешуге мүмкіндік беретін экономикалық реформалар моделі де маңызды негіз болып табылады.

Қорыта келсек, тәуелсіз мемлекетіміз өз қызметін барлық салада табысты атқарып, жетістіктерін көрсетуі үшін өскелең ұрпақтың бойына әскери-патриотизмді дербес және терең саяси құбылыс ретінде қалыптастыру әр саналы азаматтың міндеті. Бұл міндетті орындау арқылы өз еліміздің одан әрі өркендеуі мен әл-ауқатының дамуына оң әсер ететініміз анық. Себебі, мемлекеттің басты қуаты – саналы, патриотты, сапалы қоғам.