ПАВЛОДАРДА ЖАСТАР ЖЫЛЫ НЕ ТЫНДЫРЫЛДЫ?

1555

Жергілікті жастар мемлекет қолдауының нәтижесінде кәсіпкерлікке ден қоюда.

 

Павлодар жастары кәсіпкерлікке бет бұруда

Павлодар облысында Жастар жылы аясында атқарылған жұмыс көп. Әсіресе, қыз-жігіттерді кәсіпкерлікке баулу бағытында көп іс тындырылған.

Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының хабарлауынша, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында жыл басынан бері 851 адам оқуға жіберілген. Олардың 398-і оқуын ойдағыдай аяқтап, 77-сі грантқа ие болды.

«Бизнес Бастау» жобасы аясында 2525 адамды оқыту жоспарланған екен. Соңғы деректер бойынша, 965 адам оқуға жіберілген. Оның 247-сі – жастар.

«Жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде оқитын студенттерді де кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қолға алынған. Аталған бағыт «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, басқа да мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылуда. Осы жылы Павлодар облысы бойынша 29 жасқа дейінгі 6943 жасты жұмыспен қамту жоспарланған еді. Соңғы деректерге сүйенсек, жергілікті жастардың 5570-і жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Олардың 3135-і тұрақты жұмысқа орналасты», – дейді Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесов.

 

Жұмыспен қамтылған жастар көп

Басқарма өкілінің сөзінше, қыз-жігіттерді жұмыспен қамтуда жастар практикасының алар орны ерекше. Биыл жоғары оқу орындарының 556 түлегі жастар практикасымен қамтылған. Оны аяқтаған 99 адамның 48-і жұмысқа орналастырылыпты.

«Жастар үшін жұмыс берушілермен жасалған шарттар негізінде әлеуметтік жұмыс орындары ашылды. Жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 321 жас адам жұмысқа орналастырылды», – деп хабарлады Руслан Тілеулесов.

Уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік бағыттағы қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылған. Жыл басынан бері мұндай жұмыстарға жастар арасынан 540 адам жіберілген.

«2019 жылғы қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білімі бар 1035 кадрды даярлап шығару жұмысы жүргізіліп жатыр. Еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында бағдарлама шеңберінде 29 жасқа дейінгі жастар арасынан 500 адамды кәсіптік оқыту ұйымдастырылды», – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Жұмыссыздардың қатарын төмендетуге бағытталған шаралардың бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізу. Осы уақытқа дейін облыс бойынша жұмыспен қамту органдары 52 жәрмеңке ұйымдастырған.

Қыз-жігіттер грантқа ие болуда

Жастар жылы аясында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жас кәсіпкерлер үшін мемлекеттік гранттар беру қарастырылған. Бұл орайда, 2019 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін 623 грант беру жоспарланған. Бүгінде грант алған жастардың саны – 34 адам.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 29 жасқа дейінгі адамдарға жеке кәсіп ашуға және кәсібін кеңейтуге 485 кредит беру жоспарланған. Соңғы деректер бойынша 42 адам несие алды. Жастарға арналған бағдарлама шеңберінде 29 жасқа дейінгі жастар үшін 200 айлық есептік көрсеткіш (505 000 теңге) көлемінде гранттар беріледі. Павлодар облысы бойынша дәл осындай 506 грант беру жоспарлануда. 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 254 грант өз иесін тапты», – деп хабарлады Руслан Тілеулесов.

 

1316 жас маман ауылға аттанған

2016 жылдан 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін Павлодар облысының ауылдарына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 1316 жас маман аттанған. Олардың басым бөлігі, яғни 990-ы (75 пайыз) білім саласын, 201-і (15 пайызы) денсаулық сақтау саласын, 31-і (2,3 пайызы) мәдениет саласын, 28-і (2,1 пайызы) спорт саласын, 62-сі (5 пайызы) агроөнеркәсіп кешенін, төртеуі (0,3 пайызы) әлеуметтік қамсыздардыру саласын таңдаған.

Жастар жылы аясында «Дипломмен – ауылға!» баратын жас мамандарға берілетін бір реттік жәрдемақының мөлшерін 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жеткізу мәселесі пысықталуда.

 

«Жасыл ел» – жастарға берілген мүмкіндік!

«Жасыл Ел» қозғалысының негізінде «Жасыл қала – Жасыл ауыл» ұлттық жобасы іске асырылды. Оның аясында биыл ірі кәсіпорындармен бірге 150 мың түп көшет отырғызылып, «Менің ағашым» жобасы іске қосылды.

«Ағымдағы жылы облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауысты. Биылғы маусымда жасақтардың жаңа бағдарлары ашылды. Мысалы, өндірістік, тарихи-археологиялық, «Жәрдем тайм», әлеуметтік, педагогтық және т.б. бағдарлар бар», – дейді Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының аппарат басшысы Абай Уахит.

Оның мәлімдеуінше, биылғы маусымда 2 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. Олардың 45 пайызын жоғары оқу орындарының студенттері мен колледждердің оқушылары құраған. Бұл ретте, оның 3 пайызы «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқитын оңтүстіктің студенттері. Ал қалған 47 пайызы – ауыл жастары, 8 пайызы – жұмыссыз жастар.

«Жастар 5 мың ағаш, 5 мың гүлзар отырғызды. 68 гектар аумақтың шөбін шауып, тазартты. Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабы 250 адамды еңбекпен қамтитын негізгі үш бағыт бойынша, яғни студенттердің құрылыс еңбек жасақтарын, қалпына келтіру жасақтарын, археологиялық жасақтарын ұйымдастырды», – дейді Абай Уахит.

Осы орайда, биылғы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XV маусымы Павлодар қаласында салтанатты түрде жабылғанын атап өткен жөн. Оның жабылу рәсіміне Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева арнайы келіп қатысты.

Еріктілерге – ерекше көзқарас!

Бүгінде Павлодар облысында 14 мыңнан астам ерікті бар. Олардың 6 мыңы облыс орталығында, қалған 8 мыңы аудандар мен қалаларда жұмыс істейді.

Республикалық «Jomart Jurek» сыйлығының «Жыл еріктісі» атауы бойынша иегері Аяжан Құрманованың сөзінше, өңірде волонтерлік қызметті 10 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады. Олардың екеуі қызметін жастар ортасында жүзеге асырады. Мұқтаж адамдарға көмек көрсету мақсатында еріктілер базасы тұрақты жаңартылып тұрады.

Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында еріктілер қозғалысына қолдау көрсететін жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 2019 жылдың желтоқсан айында «Волонтер-2019» облыстық конкурсы өткізілмек. Ал 26-28 қыркүйекте «VOLUNTEER.KZ» еріктілер мектебі ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, қараша айының басында Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева павлодарлық еріктілермен кездесіп, олардың қызметіне сәттілік тілеген болатын.

 

Байқап отырғандарыңыздай, Павлодар өңірінде Жастар жылы аясында атқарылған жұмыс көп. Бұл бағыттағы шаралар осымен шектеліп қалмасы анық. Игі істер қалайда жалғасын табуы керек.