Бағдарламалық мақалаға пікірлер

1488

Заманына қарай адамы. Бүгінгі  кезең – бі­лім­­дінікі.  Көп тіл білу – басқалардың озық жетіс­тіктерін қа­былдау арқылы зерденің ашықтығын мойындату.  Сон­дықтан, кәсіби байланыс тілі бо­лып саналатын ағыл­шын тілін үйрену – уақыт та­лабы. Ел Президентінің «Бо­лашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» атты мақа­ла­сында бола­шақ­тың негізі білім аудиторияларында қа­ланатыны жай­лы айтылған.

Бұл орайда Елбасы: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде  білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деген еді. Ендеше,  Ұлт Көшбасшысы айтқан Ұлттық аударма бюросын ашу баршаның көңілінен шығуда.  Аталмыш бағдарлама арқылы білімгерлерімізге  жаңаша  білім бере бастаймыз. Даярлаған  мамандарымыз жаһандық бәсекеге  бейімделіп шығады.

Шет тілін меңгеру – заманды және болашақты терең түсіне алатын білімділер тәрбиелеуге негіз болмақ.  Өзіңе қатысты дүниелер шетелде қалай жүзеге асырылған, оның тиімдісі қайсы, тиімсізі қайсы бажайлай алатын боласың. Біржақты ойлаудан құтыласың. Шынын айту керек, әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жыл бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп келді. Енді тілмен бірге көзқарасымыз да жетіле түседі. Уақыт ағымына сай жаңадан келетін технологияларды меңгеруге дайын тұратын боламыз. Осы жағдайлар  ағылшын тілін жаппай және жедел үйренуіміз керектігін байқатады.  Мақалада  таяудағы  он жылда біздің өмір салтымыз, жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгеретіні айтылған. Ендеше, тіл білу арқылы көкейкесті мәселелерімізді ешкімнің көмегінсіз-ақ шешуге негіз қаланады. Жеті жұрттың тілін білу арқылы жеті түрлі білім алуға талпынайық.