Алматы облысында жылдың үздік отбасы анықталды

2380

Алматы облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аймақтық кезеңінің қорытындысында жеңімпаз деп танылған жетісулық екі отбасының әрқайсысы 1 млн. теңгенің сертификатын, I дәрежелі диплом иеленді. Көжекбаевтар әулетінің ақсақалы 105 жастағы қария Күрішбек Көжекбаев пен Жарасовтар отбасының отағасы Мақсымжан Жарасов марапаттарын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қолынан алды. Бұл туралы 26 мамыр күні Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен мерекелік шарада белгілі болды.

Облыстық байқаудың салтанатты жиынында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтау сөз сөйледі.

– Бүгін өз мәресіне жетіп отырған «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі құтты болсын! Ел іргесінің берік ұстыны саналар әрбір шаңыраққа береке-бірлік, бақыт пен шаттық тілеймін! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып отырған байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, тату-тәтті, тәрбиелі шаңырақ мүшелерін көпшілікке таныстыру. Ел ішінде ауылдастарының құрметіне бөленген, ардақты, берекелі әулеттер,  өнегесі мол отбасылар баршылық. Сондықтан жыл өткен сайын «Мерейлі отбасы» байқауының мәні артып, қатысқысы келетіндердің қатары ұлғайып келеді. Мерейлі отбасыларды үлгі-өнеге ету арқылы өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелей аламыз. Бүгінгі байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! – дей келе Ж. Омар жүлдегерлерді марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.

I дәрежелі дипломмен екі отбасы – Жамбыл ауданынан келген Жарасовтар мен Ұйғыр ауданының тұрғындары Көжекбаевтар отбасы марапатталды.

Жарасовтар отбасы – «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға ауқымды үлес қосқан әулет. Отағасы Мақсымжан Жарасов миллионнан астам ағаш отырғызған. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін иеленіп, «Экология саласының үздігі» төсбелгісін алған. 8 баланы аяқтандырып, 40 немере, 21 шөбере көріп отыр. Көжекбаевтар отбасының да үлгісі ерен. Күрішбек Көжекбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін де елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Бірнеше мемлекеттік наградаларға ие болған, соның ішінде «Құрмет» ордені де бар. Қазіргі кезде 105 жастағы ардагер 4 баладан 25 немере, 30 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.

Екі отбасы да елордада өтетін республикалық байқауда бақ сынап, облыстың намысын қорғайтын болады.

Екінші орынды Ұйғыр ауданының тұрғындары Хамраевтар отбасы мен талдықорғандық Мырзатаевтар және Ескелді ауданынан Тайжановтар иеленіп, 300 мың теңгенің сертификатын алды. Үшінші орынға лайық деп танылған алакөлдік Қожабековтер отбасы, Еңбекшіқазақ ауданынан Қартбаевтар және Қарасай ауданынан келген Жанғұттылар отбасына III дәрежелі диплом мен 250 мың теңгенің сертификаты берілді. Бұлар облыстың сауда, шығармашылық, ауыл шаруашылығы, әскери қызмет салаларында еңбек етіп жүрген өнегелі отбасылар.

Байқауға қатысқан басқа 30 отбасына да облыс әкімінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйлықтар ұсынылды.

Қатысушылар мен жеңімпаздар атынан сөз алған Күрішбек ата Елбасының салиқалы саясатын жүргізуге әркім де атсалысу керектігін, ең алдымен жас ұрпақ анасын, үлкендерді сыйлауы қажеттігін және еңбекті сүйіп, береке-бірлікте өмір сүру керектігін атап өтіп, батасын берді.

Жалпы, байқаудың алғашқы кезеңінде Алматы облысы бойынша 290 отбасы қатысса, солардың 38-і қазылар алқасының жоғары бағасын алып, облыстық байқауға жолдама алған. Жыл отбасы атағына көп балалы отбасылар, еңбек әулеттері, шығармашылық отбасылар, дәрігерлер, мұғалімдер әулеттері және басқа да үлгілі шаңырақтар үміткер болды.