Таңдау жасалды

1287

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен биылғы 28 маусымға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын белгілеген болатын. Соған орай Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облыс көлеміндегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өз таңдауларын жасады. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың 333 депутатының 327-сі қатысқан сайлауда халық қалаулылары ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатурасын ұсынған үміткерлерге өз дауыстарын берді.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған Алматы облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов алғашқы сөзді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Даутовқа беріп, сайлаудың тәртібімен таныстыруды ұсынды. Баяндамашы айтып өткендей, кандидаттарды ұсыну «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының 71-бабына сәйкес 28 сәуірде басталып, 28 мамырда аяқталды. Осы уақыт ішінде Сенат депутаттығына облыс­тан 6 адам өз кандидатурасын ұсынған. Солардың ішінен екі үміткер – Қылышбаев Нұрлан Наурызұлы және Өмірзақов Еркебұлан Ерденұлы іріктеліп шыққан болатын. Бұлардан бөлек, тағы бір үміткер Есболатов Болат Қанатұлы кандидатурасын өз өтініші бойынша 23 мау­сымда алдырып тастаған.

Осыған байланысты  облыс­тық, аудандық және қалалық мәслихаттардың 327 депутаты кезекпен дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Дауыс беру нәтижесі бойынша дауыс берушілердің 298-і Нұрлан Қылышбаевтың кандидатурасын қолдаса, Еркебұлан Өмірзақовқа барлығы 29 адам дауыс берген. Сөйтіп, облыстық сайлау комиссиясының дауыс беру қорытындысы туралы хаттамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат болып Нұрлан Наурызұлы Қылышбаев сайланды. Мұны облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов көпшілікке ресми түрде жеткізіп, алдағы күндердегі жұмысына табыс тіледі.

Мінбеге көтерілген жаңа депутат Нұрлан Қылышбаев көпшілікке сенім білдіргені үшін өз ризашылығын білдіріп, сенім үдесінен шығатынына, ел мен жер үшін аянбай еңбек ететініне уәде берді.

Биылғы сайлауды 14 халықаралық бақылаушы бақылап, Саяси доданың талапқа сай өткендігіне куә болды. Олардың оны Оңтүстік Корея Республикасынан болса, төртеуі Ресей Федерациясынан келген.