Алматы облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті

2003

Алматы облыс әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуда облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақтар бірлестігі және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2015 – 2017 жылдарға арналған үшжақты келісімді жүзеге асыру жөніндегі тараптардың ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмысы талқыланды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен өткен жиында ең әуелі күн тәртібіндегі мәселелер таныстырылды. Үшжақты келісім арқылы көптеген нәтижелі көрсеткіштерге  қол жеткізу жолы да ашыла түседі. Бірақ осы бағыттағы жұмыстар бүгінде қандай деңгейде жүргізіліп келеді? Жалпы үшжақты келісім тараптарының бірлескен жұмысының нәтижесінде облыс жұртшылығының жағдайы жақсара түсетіндігі анық. Облыстық үшжақты комиссия отырысында тараптардың келісімді іске асыру жөнінде және «Парыз» конкурсын ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстары қаралды.

Алғашқы сөзді алған жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова халықтың әл-ауқатын жақсартуға, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға арналған бірлескен жұмыс нәтижесі биік көрсеткіштерге ие екенін жеткізді. Келесі сөз кезегін қалалық үшжақты комиссияның төрағасы, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев үшжақты келісімнің бүгінде қатаң бақылауда екенін атап өтті. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссия отырысының жоспары жүйелі жүргізіліп, жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып келеді. Қоғамдық жұмыстарға адам тарту мәселелері де тиянақты. Жұмыссыздардың еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша кәсіптік оқуға жолдама беріліп, жұмыссыздар қатарын болдырмау мәселесі қаралуда.

Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары Мұрат Мәдіғұлов баяндама жасады. Облыстық еңбек инспекциясы жалақы бойынша берешекке мониторинг жүргізіп, еңбек дауларын болдырмау үшін жұмыс істеуде. Аталмыш мекеме ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 171 тексеру жүргізіп, 207 түрлі заңбұзушылықты анықтады. Еңбек қауіпсіздігі бойынша, жұмыспен қамту бойынша табылған мәселелер шешімі қаралып, тексерулер жүргізілген. Сондай-ақ, 2016 жылы дағдарысқа қарсы штабтың үш отырысы өткен болатын. Ол жерде банкротқа ұшыраған мекемелердің аты аталып, берешектері белгіленген. Бүгінде сол банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың қатары көбейіп келеді. Осыған орай Лаззат Махатұлы аталмыш мәселенің себебін қарастырып, анықтауды қатаң тапсырды. Мұрат Бақыткерімұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз – 2017» конкурсы жайында тілге тиек етіп өтті. Республикалық конкурсқа дайындықты бүгіннен бастау керектігін тапсырған Лаззат Тұрлашов барлық мекеме қатысуы керектігін айтып өтті. Байқауда облыс намысын қорғайтын кәсіпорындардың көп болуы керектігін және олардың жүлделі орыннан көрінуін тапсырды. Келесі отырыста арнайы «Парыз – 2017» конкурсына арнап өткізетіндігін де жеткізді.