Жайдарманның «ҚазАТУ-ға 60 жыл» арнайы жобасы өтті

3494

4 қазан күні Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған «ҚазАТУ-ға 60 жыл» республикалық арнайы жобасы өтті. «ҚазАТУ кубогы» бәйгеге тігіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жайдармашылар елорда төрінде өнерлерін ортаға салды.

Орал, Семей, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Шымкент, Павлодар, Қызылорданың талантты да дарынды жастарын Астанаға жинаған жайдарман – бірлік мекені. «Астана концерт залында» өткен ойынның көпшілік әзілдері тақырыпқа сай 60 жылдық тұғырлы тарихы бар жоғарғы оқу орнына арналды. Әзілдерді өз деңгейінде бағалай білген көрермендердің шапалағы ойын бойы таусылмады.

Күлкіге тек көрермендер емес, қазылар алқасы да қарық болды. Бұл жолғы қазылар алқасы құрамында әйгілі журналист Асхат Садырбай, танымал тележүргізуші Берік Уәли, қоғам қайраткері Нұрлан Өтешов, тележүргізуші Данияр Бекжанов, театр және кино актері Әділ Ахметов болды.

Ойын қорытындысына сәйкес «ҚазАТУ кубогының» жеңімпазы болып «Фемида» командасы атанса, үздік ойыншы номинациясына Таңшолпан Темірланқызы лайық деп танылды. Оған қоса, жеңімпаз команда 300 мың теңге, ал үздік ойыншы 50 мың теңге сертификатты ұтып алды. 2 орын және 200 мың теңгеге «Қорғалжын құрамасы» қол жеткізсе, 3 орын мен 100 теңгені алматылық «Томирис» командасы еншіледі.

Ойын әдеттегідей қызу өтті. Салмақты әзіл айтқан жайдарманшылар бүгінгі күннің отандық және әлемдік жаңалықтан хабардар екендіктерін де көрсетті. ҚазАТУ жайлы да соңғы жаңалықтармен командалар ақпараттанған екен. Осы ойынның бір ерекшелігі – мерейтойға арнайы еліміздің үздік жайдарманшыларынан тұратын «1957» командасының құрылуы. 1957 жылы іргесін қалаған оқу орнына Жайдарман осылайша сыйлық жасады.