Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Жерасты қалалары туралы ақпарат

Туризм

Жерасты қалалары туралы ақпарат

Жерасты қалалары туралы ақпарат

2015 жылы желтоқсан айында Түркияда жерасты қаласы табылды. Ол Каппадокияда, Невшехир қаласының маңында орналасқан. Қаланың жасы 5000 жылға жуық болса, ауданы 45 гектарды құрайды. Осы ретті пайдаланып, сіздерді жерасты қалаларымен таныстыра өтсек.

Каппадокия

Невшехирден табылған қала әлемнің ең үлкен жерасты қаласы бола алады. Жалпы, Түркияда жерасты ұғымы кең таралған. Бәрімізге белгілі, Каппадокияның өзінде-ақ 200-ден аса жертөле бар.

Жерасты қаласының пайда болуына табиғи ландшафт пен геологиялық тарихы әсер еткен. Бұл мекенде ағаштардың болмауы мен каппадокиялық жердің өңдеуге қолайлы, жұмсақ әрі мықты болуы жер бетінен бөлек, басқа әлем құруға жақсы жағдайлар жасаған. Мыңдаған адам өмір сүрген, 20 қабат төменге бойлайтын қала біздің заманымызға дейін бірінші мыңжылдықта пайда болған.

Табылған ең ірі қаланың аты – Деринкую. Археологиялық қазбалар әлі жалғасып жатса да, алғашқы 8 қабаты туристерге ашық. Тереңдігі 85 метр қалада 12 қабат бар деп болжалуда. Деринкуюда 20 мың адам өмір сүрген. Қаладан тұрғын үйлерге қоса қоймалар мен мал қораларын, наубайхана, шарапхана, тіпті, зират табылған. Қала негізін салушысы белгісіз. Кейбір деректер қала фригий тайпаларына тиесілі десе, басқалары оны хетта меншігі дейді. Бесінші ғасырда қалаға көшпенділерден жасырынған христиандар қашып келген. Дәл осы кезде қаланың тұрғын саны көбейіп, шіркеулер мен шарапханалар салынған. Деринкую 15 мың адамға мекен болған Каймаклы деп аталатын басқа жерасты қаласымен тунель арқылы байланысып тұрған.

Наур

Францияның Пикардия ауылының тұрғындары бірнеше ғасырлар бойы жер астында дұшпандарынан жасырына өмір сүрген. Қала VIII ғасырдың соңы мен IX ғасырдың басында салынған. Қала тұрғындары солтүстік Францияны жаулап алуға келген нормандықтардан жасырынған. Бұл жертөле кейін ХVІІІ ғасырда жүзжылдық соғыста ағылшындардан жасырынуға, отызжылдықта испандықтардан да қорған болған. Кейін қаланы күнделікті тұрмыста қолданған. 1830 жылы құлау қаупінен адамдар көшіп кеткен.

Наурға 3 мың адам, барлық мал-мүлкімен оңай сыйған. Жер астында ас үй құрылысы жақсы ойластырылған. Мұндағы түтін шығатын жолдың ұтымды ойластырылуы, жер үстіндегі жауға байқалмауға көмектескен. Сонымен қатар, Наурда түрме де болыпты, ал шіркеуде бір мезгілде 400 адам жиналып тұрған. Жерасты қалаларын жауларынан жасырынуға жақсы амал деп білетін Франция жерінен жалпы 74 жасырын қалалар табылған.

Берлингтон

Ядролық соғыстың қаупі Ұлыбританияда үлкен жерасты қаласын салуға әкеліп соққан. 1950 жылдары Уилтшир графтығының Коршем қаласы астынан 4000 адамға арнап Берлингтон бункеры салынады. Алдымен, ядролық шабуыл кезінде бункерге үкімет басшылары мен шенеуніктер жасырынады деп жоспарланған. Жертөле автономды түрде 3 ай өмір сүруге мүмкіндік берген. Ішіне мейрамханалар да салынған бункерге қоныс аудару 1960 жылдың соңында мүмкін емес екені белгілі болған. Өйткені советтік стратегиялық ракеталардың ұшуы тоқтатылған.

Қазірде бұл бункердің қандай мақсатта қолданылып жатқаны беймәлім. Кейбір қауесеттер оны Еуропадағы ең ірі шарап қоймасына айналғанын айтады.

Бөлісу:
Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Туризм айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары