Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялау механизмін енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы primeminister.kz жазды.
Баспанаға мұқтаж 70 мыңға жуық отбасы осы механизммен қамтылады, олар жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады.
«Жалпы, жаңа тәсілдер мен механизмдер 10 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған жарты миллионнан астам адамның баспана мәселесін шешуге және мемлекеттік қолдаудың әділетті, ашық әрі қолжетімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді», — деді Ә. Смайылов.
Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, аренданы субсидиялау механизмін енгізу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері мен рәсімдерді аяқтап, осы жылдың 1 мамырына дейін нақты іске асыруға кірісуді тапсырды.
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сапасын арттыру және одан әрі жеңілдету үшін ҚР ИИДМ-ге құрылыс саласын реттеуге цифрлық технологияларды енгізу бойынша заң жобасын осы жылғы 1 сәуірге дейін Үкіметке енгізу тапсырылды.
«Құрылыс маусымын уақытылы бастаудың маңызы зор. Ол үшін өңір әкімдері күн жылынған соң құрылыс жұмыстарын барынша тездету үшін ерте бастан жер телімдерін бөлуді, жобалық құжаттарды әзірлеуді, қажетті инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс», — деді Ә. Смайылов.