Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-парақшасында ҰБТ-ге қатысты жақсы жаңалықпен бөлісті.

«Жақсы жаңалық та бар. Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар», деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендетеді.

Сондай-ақ министр түлектерге ҰБТ сынағынан сүрінбей өтулерін тіледі.

«Білімдеріңіздің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, грантқа ие болыңыздар! Баршаңызға сәттілік тілеймін!», делінген жазбада.