Жүргізуші, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының ресми өкілі Айгерім Есенәлі Есен Елеукенге берген сұхбатында қор қызметкерлеріне берілетін жалақы қайдан алынатыны жайлы ашып айтты.
Оның айтуынша, қордың ақшасынан қызметкерлерге жалақы берілетіні жайлы қауесет көп.
«Бізде қайырымдылыққа қатысты заң бар. Иә, дәл осы айлыққа қатысты сұраққа жауап беріп өтейін. Көпшілік сұрайды, ақшаны қайдан алып жатсың, қордың ақшасын тауыстың деп жатады. Қайырымдылық қорына түскен ақша тек қана қайырымдылыққа жұмсалады. Бірақ, бір айта кететін жайт, қайырымдылық қорына түскен ақша уақытша депозиттерге салынады. Яғни банкпен арада келісімшарт жасалады, уақытша ақшаны сақтауға арналған депозиттер. Өздеріңіз білетіндей, кез келген депозиттің үстіне процент қосылады. Заң бойынша, салым кезіндегі процент сол қайырымдылық қорына тиесілі. Яғни айлық содан төленеді. Қордағы ақшаға ешкім тиіспейді, әрине. Қордың ақшасын айлық етіп отырған жоқпыз», дейді ресми өкіл.
Айгерім Есенәлінің айтуынша, қор жұмысын сынға алатындар көп.
«Өтініш, қолдау көрсетіңіздер. Біз орындамай жатсақ, сонда сынаңыз. Бірақ қазір «кішкентай бала тәй-тәй басып келе жатқанда» күмән келтірмейік. Білемін, ақша бар жерде күмән бар. Бірақ бәрі орынымен болса екен…», дейді ол.