Кеше Нұр-Сұлтанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен білім беру жүйесін қайта форматтау және экономиканың қажеттіліктеріне сай кадрлар даярлауды қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Қазақстан Республикасындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» әзірленіп, ол 2020 жылы бекітілді. Құжат 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасына енгізілген және еңбек нарығы мен кәсіби стандарттарды болжауға негіз болып табылады.

Атлас мұнай және газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, көлік және логистика, машина жасау, тау-кен металлургиясы және құрылыс салаларынан тұратын 9 басым бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстанда жойылып бара жатқан 129 мамандық тіркелген, 95 мамандық трансформация процесінде, 239 жаңа мамандық пайда болды (оның 37-сі мұнай және газ саласында, 32-сі энергетикада, 11-і машина жасауда, 40-ы АT саласында және т. б.).

ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кадрларды даярлауды қамтамасыз ету жүйесіне мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының өкілдері қатысып жатқанын атап өтті.

Қазіргі еңбек нарығы білім беру мекемелерінің, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің жаңа салаларға, кәсіптер мен дағдыларға жедел бейімделуін талап етеді. 2022 жылы ҚР жоғары оқу орындары 91 инновациялық бағдарлама әзірледі, 2025 жылға қарай оны 200-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар техникалық даярлау бағыттарына мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60%-ға дейін ұлғайтылды.