Қызылордадағы «Аслан» балалар кино студиясы түсірген «Сәт» атты жастар сериалының тұсауы кесілді. Сериалда спортты жанына серік еткен балалардың хикаясы көрсетіледі.

Бала махаббат, үлкеннің кішіге қамқорлығы, ер баланың қыз балаға сыйластығы сынды дүниелер де бейнеленген. Осы уақытқа дейін бес бөлімі түсірілді. Жақын арада көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар Алматы қаласында балалар жылына орай бейнебаян түсірдік. Тұсаукесері «Тойдуман» және «Гәкку» арналарынан көрсетіледі, – деді «Аслан» балалар киностудиясының директоры және продюссері Жасұлан Алдабергенов.

«Сәт» жастар сериалы ақпан айында түсірілді. Сериалға өнерлі әрі спортқа жақын 15 жас актер қамтылды. Киноның негізгі идеясы – жеңіске жетер жолда қиындықтан тайынбайтын шынайы өмірдегі көріністер көрсетілген.

«Өнерге кішкентай кезімнен қызыға бастадым. Үш жыл оқушылар сарайындағы хор үйірмесіне қатысып, сабақ алдым. Түрлі конкурстардан жүлделі орындарды иелендім. Ұстазым әрі демеушім Жасұлан Алдабергеновтың қолдауымен екі бейнебаян түсірдік. Бүгінде қоржынымда жеті бейнебаян бар. Алдағы уақытта жаңа әндер шығару жоспарлануда», – деді «Аслан» балалар киностудиясының оқушысы Ақылбек Нұрланұлы.