Алматы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен мүгедектер жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында негізгі баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы З. Ілімжанова мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияның орындалу барысы туралы айтты.
Баяндамашының айтуынша, облыста 61,1 мың мүмкіндігі шектеулі азамат болса, соның 53% немесе 32,4 мың адам 1-2 топтағы мүгедектер, 7,1 мың адам немесе 11,7% — мүгедек балалар. 2016 жылмен салыстырғанда мүгедектерді оңалтуға бөлінген қаржы 2017 жылы екі есеге жуық көлемде өсіп, 2, 8 млрд. млрд. теңгеге жуықтады. Сонымен қатар 2012 — 2014 жылдары мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында 2117 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына паспорттау шарасы жүргізілген. Соның 400-інің бірінші кезекте бейімдеуге жататыны анықталып, бұл шараларға облыстық бюджеттен 266,0 млн.теңге бөлінген болатын. Оның ішіндегі 40 нысан биылғы жылы бейімделетін болады. 2017 жылдың 1 маусымына барлығы 375 нысанда бейімдеу шаралары аяқталды. З. Ілімжанова сонымен қатар мүгедектерді жұмыспен қамту, сурдоаударма қызметіне деген қажеттілік деңгейі, мүгедектерден келіп түсетін арыз-шағымдар туралы да бірқатар мәселелер көтерді.
Мұнан кейін сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Алматы облысында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының жүзеге асырылу барысы, мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар үшін кедергісіз орта қалыптастырудағы, ерекше күтім қажет ететін балаларға инклюзивтік білім берудегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысына жүргізілген мониторингінің нәтижелерімен таныстырды. Сол сияқты «Мүгедек және ақыл-есі, дене бітімінің кемістегі бар балаларға қамқорлық көрсетуші ата — аналардың «Алпамыс» ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Райхан Сисикенова да сөз алды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
— Кедергісіз орта қалыптастыру үшін нысандарды бейімдеу, инклюзивті білім беру сапасын үнемі бақылауда ұстауымыз керек. Инклюзивті білім беруге қатысты мектеп пен балабақшалар бойынша Жол картасын әзірлеңіздер. Мүгедектерді қолдау, оңалту және оларға жәрдем берудің басқа да шараларына биылғы жылы 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлдік. Осы қаражаттың игерілуін, атқарылған жұмыстың сапасын осы үйлестіру кеңесінің әрбір мүшесі қадағалауына алуы тиіс. Мүгедектерден келіп түскен арыз-өтініштер қалай шешімін тауып жатыр, кейбір арыздар неге қайталанып түседі, соның бәріне анализ жасаңыздар. Мүгедектерді жұмыспен қамтудың қолымызда нақты жоспары болуы керек. Бұл іске бизнес-қауымдастықты да көбірек тартуымыз қажет, — деді.