Таңдайға татымды таңқурай

1955

Шыбық қадаса жайқа­ла кететін Талғар топыра­ғында жемістің алпыс атасы өседі десек еш әсірелегендік емес. Осыған орай соңғы жылдары өңірде ауылшаруашы­лы­ғының дәстүрлі емес бағыт­тарын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Оған кейбір шаруашы­лық­тардың жүзім мен таңқурай өсіріп, мол өнім алып отырғандығы дәлел.

Сондай ұжымның бірі – Кеңдала ауылдық округінде орын тепкен «Шульгин» жеке қожалығы.  Жалпы аумағы 64 гектар жерге таңқурай егіп, өсіруді қолға алған шаруа­шылық биыл мол өнім алды. Сөйтіп, еселеп төккен ащы тердің тәтті дәмін татты. Әдет­те жеміс тамыз айында пісіп, жинау жұмыстары да осы мез­гіл­де қарқын алатын болса, мұндағы қызу тіршілік күздің алғашқы айы – қыркүйекте де бәсеңсімеді. Себебі, Польша­дан әкелініп, жерсіндірілген таңқурайдың «Полка» сұрыпы күзде де үзбей өнім беретін­дік­тен алқапта 30-ға жуық адам әлі де еңбек етуде.

– Біз Еңбекшіқазақ ауда­ны­нан қатынап жұмыс істейміз. Таңқурай жинау үшін ерен еңбек, төзім мен ептілік керек. Мұндай шаруаны атқару екі­нің бірінің қолынан келе бер­мейді. Науқандық жұмыс қыз­ған шақ­та әрбіріміз шамамен 30-40 келіден өнім жинап өт­кіз­дік. Қазір өнім азайған­дықтан күні­ге жиятын таң­қурай мөлшері 10-15 келіден ғана айналуда. Жақсы піскен таңқурай тез әрі оңай жина­лады. Еңбекақы­мыз­ды жиған өнімнің мөлшеріне қарай ала­мыз, – дейді бригада жетек­шісі Мейіргүл Маханова.

Тамшылатып суару әдісін пайдаланып отырған таңқурай өсірушілер биылғы маусымда мол өнім алып, қуанышқа ке­нел­ген.  Өйткені жұмысың­ның жемісін көру – дала тө­сінде тер төгіп жүрген еңбек адамы үшін үлкен жетістік. Таң­қурай өсіруге ниеттенген кәсіп иесі Александр Шуль­гин де өзі жетекшілік ететін қожалыққа қарасты алқапты күтіп-бап­тап, таңқурайдың жаңа сор­тын жерсіндіріп өсі­руге бар күш-жігерін жұмыл­дырды. Нәтижесінде алғаш­қы жыл­дың өзінде 60-70 тон­на өнім алды. Өсімдіктің бұл түрінің жемісті көп бере­тін­дігіне көз жеткізді. Маусым ішінде бір­неше мәрте өнім алынды.

Айта кетерлігі, таңқу­рай­ды егістік алқабының басы­нан сауда нүктелеріне жө­нелт­кенге дейін тонналап сақтауға арналған арнайы мұздатқыш та қойылған. Күз­гі жиын-терін жұмыстары аяқталған соң шаруалар ке­лер жылдың қам-қарекетіне кіріспек.