Басты бет Жаңалықтар Заманауи мәңгүрттену теориясы

Заманауи мәңгүрттену теориясы

 

 

Атақты қырғыз  жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» атты танымал  романы бар.  Қазақ  тіліне  Шерхан Мұртаза атамыз  аударған. Бүкіл  балалар мектеп бағдарламасы арқылы әдебиет  пәнінен осы  туындының  үзіндісі «Найман  ана» әңгімесін оқыды. Әңгіме мәңгүрт адамар туралы.  Бір қызығы, арадан  уақыт  өтіп, заман өзгерсе  де,  «мәңгүртке» айналған  адамдар  біздің  қоғамда бар, ортамызда жүр.

Әңгіме мазмұны бойынша жуанжуандар тұтқынға түскен адамның шашын тықырлап алып, басына түйенің жүнінен кепеш. Ол адамды сана-сезімінен айыру үшін түйенің жүнінен жасалатын бас киім. Кепешті  кигізген  соң тұтқынды 5 күн ас-сусыз айдалада қалдырған. Шаш 5 күнде 5 мм өсіп, миды  зақымдаған. «Мәңгүрттену» процесі осылай жүріп, нәтижесінде сап-сау адам қожайыны не қаласа соны орындайтын  ессіз тіршілік иесіне  айналған. Мәңгүрт ешқашан қалпына  келмеген. Сезімсіз, ақыл-ойсыз, санасыз  қалпында  қалған. Ойлаудың өзі  қорқынышты, иә?

Айдың — күннің  аманында мәңгүрттену жолына  өз еркімен түсіп жатқан жандар осы заманда да бар. Заман өзгерген, заманымен қоса адам да өзгерді. Ерікті түрде  ес-түсінен  айрылып, адамдықтан  шығуды таңдап жатқандар  кімдер? Тағдырдан  теперіш  көрмесе де, әлсіздік танытып есірткінің  шырмауына түсіп жатқандар көп. Есірткінің  әсерінен  адамның психикасы бұзылады, сана-сезімі, ойлау жүйесі тоқырауға ұшырайды. Организмнің өздігінен жұмыс істеп тұрған  маңызды функциялары істен  шығады. Нәтижесінде, кеудесінде жаны бар  демесең, адам өзін-өзі жоғалтады һәм есепсіз зиянға ұшырайды.

Бүгінде бұл  тажалға бүкіл  әлем қарсы күресуде. Біздің елімізде де  есірткіні пайдалануға заң жүзінде  тыйым  салынған.  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 наурыздағы №186 қаулысымен бекітілген тізімі бойынша  пайдалануға тыйым  салынған  72 есірткі типтес заттардың атауы көрсетілген.Олардың  қатарында кокаин, каннабис, апиын, анаша, гашиш  секілді заттар бар. Мемлекет тарапынан есірткіге  қарсы  күрес тұрақты жүріп тұрғанымен,  есірткі  қолданушылар тыйылмай тұр. Ресми  есеп бойынша, елімізде 300 мыңнан аса нашақор тіркелген. Есірткіге тәуелділік,  тек  бір  адамның  ғана тағдырын  құрдымға кетіріп  қоймайды. Ол түгел  ұлттың, бүкіл елдің тыныс-тіршілігіне, денсаулығына үлкен қауіп  төндіреді.

Статистика нашақорлардың  дені  25-45 жас   аралығындағы тұрақты жұмысы жоқ,  арнайы немесе орта біліммен ғана шектелген жастар  екендігін  көрсетеді. Есірткіге тәуелділік жастардың арасында  көбейіп жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Тыйым салынған есіртікілік заттарды қолданушылар  қатарынада жасөспірімдер де бар.  «Жастар — еліміздің болашағы, ертеңі» деп сеніп отырғанда, осындай ессіз әрекеттерге баратыны қынжылтады. Есірткі — адамды өз ісіне есеп бере алмайтын,  әрекетін  саралай  алмайтын  мәңгүрттік  күйге түсіреді. Мемлекет тарапынан айығуға, бұл дертті жеңуге күш  салынып-ақ  жатыр. Өңірлерде реабилитациялық орталықтар жұмыс істеп тұр. Қаншама маман адамдарды есірткіге тәуелділіктен құтқару  үшін еңбек етуде. Дегенмен…

 

Дегенмен, қай уақытта да салдарымен емес, себебімен күрескен жеңілірек. Нашақорлық  ешкімге абырой  әперген  емес. Қаншама мүмкіндіктен  айырып, уақыт жоғалтады. Есепсіз шығынға ұшыратады.  Нашақорлық – бір адамға ғана тән  мәселе емес.  Жалпы  қоғам болып, біз бен сіз болып күресетін үлкен тажал, үлкен қарсылас. Әр  адам өзінен  бастаса, ең бірінші, өзінің айналасына қамқор болса  деген  ниет  біздікі. Өзімізге берілген  өлшеусіз байлықтан ада болып қалмауға тырысайық. Айналамыз сау, қоғам таза, тыныш болғанда ғана төрт құбыламыз тең  болмақ. Сондықтан, бәрімізді мәңгүрттенудің алдын алуға, жанымыздағы адамдарды есірткінің арбауына  түспеуі үшін күш салуға шақырамыз. Сау, салауатты, бақуат, саналы қоғам құруды өзімізден бастайық!

 

Сымбат  Еркінбек

Exit mobile version