Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында жастарды жұмыспен қамтуға қатысты қандай тапсырмалар орындалғанын айтып берді.

Министрдің айтуынша, Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында жастарды жұмыспен қамту бөлігінде «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша өту мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылды.

«Жастар практикасы 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды, еңбекақы төлеу 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (қазіргі уақытта. – 25 АЕК). «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі жалақыны 30 АЕК-ке дейін өсіре отырып (қазіргі уақытта – 20 АЕК), 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды», делінген ақпаратта.

Ақпаратқа сүйенсек, жастардың іскерлік бастамаларын дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша грант көлемі екі есеге артты (200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін немесе 612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін).