Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекеттік «Нұрлы жер»
бағдарламасы бұл саладағы жұмыстың одан әрі ілгерілеуіне үлкен ықпал етіп отыр. Бағдарлама арқылы берілетін үйлер «Жергілікті атқарушы органдар арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша қаланың оңтүстік-батыс ауданында салынып жатыр. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 140 000 теңгеге тең. Қаланың кіреберісіндегі бұл өңірде бұрын егістік алқаптар болатын. Қазіргі таңда үлкен құрылыс алаңына айналған 2 ықшам ауданы бой
көтерді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы бойынша пәтер сатып алу үшін кезекке тұрғандар мен тұрғындардың өзге де санатына бірнеше талаптар қойылған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының азаматы, я оралман статусының болуы, сондай-ақ қатысушы өтініште көрсетілген отбасы мүшелерінде Қазақстан аумағында меншіктік құқында немесе сатып алу құқымен жалға берілген баспана болмауы, елдің барлық аумағы бойынша соңғы бес жылда қатысушының өзі мен отбасының өзге мүшелерінде меншіктік құқықтағы баспаналық жағдайын ауыстыру немесе иеліктен шығару арқылы әдейі нашарлату фактілері болмауы қажет.
Сондай – ақ, тұрғын үйлер 50/50 қағидасымен беріледі, яғни 50%-ы әкімдікте үй кезегінде тұрғандар және 50%-ы кезекте жоқ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары арасында сатылады. Бұл ретте кезекте тұрған азаматтарда да банк салымшысы болуы қажет.
Банктың мақсаты — салымшыларымызды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде баспанамен қамтамасыз ету. Осы бағытта үздіксіз жұмыс істеу барысында облыс бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 1900 баспана пайдалануға берілген.
«Талдықорғанда 16 қабатты үш үйдің құрылысы биыл бітсе және 5 қабатты бір үй келесі жылы беріледі деп жоспарланып отыр. Аталған жұмыстың бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске асуда. Сонымен қатар, «Өз үйім» атты банктың жеке бағдарламасы бойынша осы ауданда 72 пәтер келесі жылы пайдалануға беріледі. Оның «Нұрлы жерден» айырмашылығы үй сатып алушының өз атындағы пәтердің болуының кедергі жасамауында және қарыз 7% жылдық мөлшерлемемен қайтарылады», — дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Құрманғалиев Жасұлан.
Сонымен қатар, «Астана Құрылыс» ҰҚК АҚ құрылыс алаңының директоры Шарипқожаев Мырзахмет бой көтерген үйлердің сапасына тоқталып өтті.
— Салынып жатқан үйлердің қазығы былтырғы жылдың қараша айынан қағылып, осы күнге дейін жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қолданылып жатқан материалдар барлық талаптарға сай әрі отандық өнім. Бүгінде нысанда 240 жұмысшы өз ісін жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, осы үйлердің жанында 2 шағын поликлиника салынуда. Осы 230 пәтерлі 3 тұрғын үйге келетін болсақ, оның 92 пәтері бір бөлмелі тағы да 92 пәтері екі бөлмелі және 46 пәтері үш бөлмелі. Үйдің жалпы құрылысы бітуге таяу, тек сантехникасы мен сыртқы жұмыстары қалды, — деді ол.
Еске сала кетейік, "Нұрлы жер" бағдарламасы 2017-2031 жылдарға арналған. ҚР Президентінің тапсырмасымен 2016 жылдың соңында Үкімет "Нұрлы жер" бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған.